Мемлекеттік сатып алу заңнамасына толықтырулар мақұлданды - Мәжіліс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы 2019 жылғы 21 тамызда Тұңғыш Президент- Елбасының «Nur Otan» партиясының кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын және Мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік сатып алуды жетілдіруге қатысты берген тапсырмасына сәйкес әзірленді. Заң жобасына енгізілетін түзетулер 3 негізгі бөліктен тұрады: мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету, бір көзден сатып алуды азайту», - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру аясында конкурс түріндегі сатып алудың жаңа тәсілі ретінде алдын ала келісімді қолдану қарастырылған. Бұл тәсіл 2 кезеңнен тұрады.

«Бірінші кезеңде талаптарға сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер іріктеліп, олармен алдын ала келісім жасалады. Екінші кезеңде тапсырыс берушілер алдын ала келісімнің қатысушыларына тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға тапсырыс жібереді. Келісімшарт ең төмен баға ұсынған әлеуетті өнім берушімен жасалады. Әдетте, алдын ала келісім жасасу арқылы канцелярлық және шаруашылық тауарлары, техника, жанар-жағармай, байланыс қызметі мен интернет желісіне қосылу және сол сияқты стандартты тауарлар мен қызметтер сатып алынады», - деді министр.

Ұсынылып отырған әдіс сатып алу рәсімдерін 5 жұмыс күніне дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету аясында заң жобасымен Рейтингтік-балдық жүйе арқылы конкурс тәсілін енгізу ұсынылады. Аталған тәсіл мемлекеттік сатып алу рәсіміне адамның қатысуын шектеуге, сатып алуды конкурстық комиссиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бір көзден сатып алуды азайту аясында құжат бір көзден сатып алудың 52 негіздемесінің үшеуін қысқартуды көздеп отыр.

«Бұл ретте, құны 100 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын бір көзден сатып алулар жойылып (39-баптың 3-тармағының 42) тармақшасы), осындай сатып алулар Электронды дүкен арқылы сатып алудың жаңа тәсілімен орны толтырылады. Электронды дүкеннің ерекшелігі тапсырыс берушіге өзіне қажетті тауарды таңдау еркіндігін береді және мұндай тауардың жеткізіп берушісі ең төмен баға негізінде анықталады. Бұл бір жағынан, сапалы тауарларды сатып алуға мүкіндік берсе, екінші жағынан, тапсырыс берушілер мен өнім берушілер тарапынан тәуекелдер мен теріс пайдалану жағдайларына жол бермейді», - деді Ерұлан Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар