Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл: Қазақстанда ту, елтаңба және әнұран қалай қорғалады

2022 жылғы 4 маусым, 09:48
Мемлекеттік рәміздерге 30 жыл: Қазақстанда ту, елтаңба және әнұран қалай қорғалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің ресми бекітілгеніне 30 жыл толып отыр. 2007 жылдан бері 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде атап өтіледі. Осы орайда мемлекеттік рәміздердің шығу тарихына, оған қатысты қызықты оқиғаларға, сонымен қоса әлем елдеріндегі мемлекеттік символдардың қалай қорғалатыны жөнінде материал дайындауды жөн көрдік.

Мемлекеттік рәміздер тарихы

Тәуелсіздікке енді қолы жеткен Қазақстан сияқты жас мемлекетке мемлекеттік рәміздерді қабылдау жеңіл болған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен жасаған. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді.

Осылайша, елтаңба, ту, гимн жобаларын әзірлеуге конкурс жарияланып, оған 600-ден астам адам қатысты. Мемлекеттік ту эскиздерінің шығармашылық дизайнымен барлығы 1200 өтінім келіп түскен. Сондай-ақ 245 сурет жобасы және болашақ елтаңбаның 67 сипаттамасы және мемлекеттік гимннің 750 нұсқасы ұсынылған болатын. Байқауға қатысушыларға болашақ мемлекеттік рәміздердің, тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі міндеттелді. Сонымен қоса жас мемлекеттің саясаты мен мақсатын айқын көрсетуі қажет болды.

Осылайша, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда, осыдан тура 30 жыл бұрын қабылданды.

ҚР Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
ҚР Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.

ҚР Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

ҚР Мемлекеттік гимні. Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысын салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Әннің авторы - Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар - Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттік рәміздердің орналасуына қатысты бірнеше нақты шарт бар екенін айта кету керек. Мәселен, мемлекеттік мекемелердің кіреберісінде орналасатын мемлекеттік туға түнгі уақытта да жарық түсіп тұруы шарт. Сондай-ақ суретте ту үнемі оң жаққа қарай желбіреп тұруы тиіс. Мекеме басшыларының жұмыс бөлмесінде орналасатын мемлекеттік ту мен мемлекеттік елтаңбаның орналасу реті арнайы талаптарға сәйкес болуы керек.

2020 жылдан бері мемлекеттік рәміздер кеңінен қолданылады

2020 жылдың қазан айында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін мәлімдеген болатын. Осыдан кейін туды балконға ілуге ​​ресми рұқсат берілді. Бірақ тек патриоттық сезім мен қазақы болмысты таныту үшін, Қазақстан мен ел азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында ілуге мүмкіндік берілді.

Мемлекет басшысы Туиттер парақшасына былай деп жазды: «Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет.. Парламенттің бәрқатар депутаты мен азаматтарымыздың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын».

Осылайша, мемлекеттік рәміздерді халықтың жаппай қолдануына қатысты бұрын қабылданған шектеулерді азайту, ел азаматтарының мемлекеттік туды өз тұрғын үйлерінің балкондарына немесе қабырғасына ілуіне заңнамалық тұрғыдан рұқсат беру қажеттігі жөнінде тапсырма берген болатын.

Жалпы мұндай тәжірибе әлемнің бірқатар елінде бар. Мәселен, Түркиядағы көпқабатты үйлердің қабырғалары, балкондары және маңызды деп саналатын ғимараттардың сыртқы қасбеттері тумен үнемі көмкеріліп тұратынын байқауға болады. Сонымен қоса бұқаралық, спорттық іс-шараларда, тіпті жекеменшік үйлердің төрінде де қызыл байрақтың ілініп тұратынын жиі көруге болады.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, бүгінде азаматтардың мемлекеттік туды патриоттық мақсатта кең пайдалануына мүмкіндік жасалып отыр. Қазіргі таңда қазақстандықтар өзі тұратын үйдің балконына, терезесіне немесе көлігіне көк байрағымызды желбірете алады. Алайда мемлекеттік рәміз таза болуы, оның дұрыс ілінуі және заңнамада белгіленген стандарттарға сәйкес рәміздерді орналастыруы тиіс.

Әлемде мемлекеттік рәміздер қалай қорғалады?

Әлем елдірінің көбінде мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалған. Бірақ бірді-екілі ел мемлекеттік рәміздер сөз бостандығы, демократия секілді дүниелерден артық емес деп санайды. Бірнешеуіне назар аударып көрейік. Мәселен, Германияның мемлекеттік туын, елтаңбасын және әнұранын қорлағаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Дәл осындай жаза қоғамдық және мемлекеттік органдарда ілініп тұратын туды бүлдірген жағдайда да қолданылады. Ал Францияда мемлекеттік әнұранды немесе туды қорлағаны үшін 7,5 мың еуроға дейін айыппұл және алты айға дейін түрмеге қамау қарастырылған. Беларусьте елдің елтаңбасын, туын, әнұранын қорлағаны үшін ең көп жаза – бір жылға дейін бас бостандығын шектеу.

Америка Құрама Штаттарында туды өртеуге рұқсат берілген. «Техас Джонсонға қарсы» ісі аясында 1989 жылы АҚШ Жоғарғы соты конституцияға мемлекеттік туды жұртшылық алдында өртеп жіберуге рұқсат берді. Олар оны сөз бостандығымен байланыстырады. Содан бері АҚШ заңгерлері туды қорлағаны үшін жауапкершілікті қылмыстық кодекске қайтаруға бірнеше рет талпыныс жасады, бірақ әзірге нәтиже жоқ.

Англия, Шотландия және Уэльсте мемлекеттік тумен кез келген нәрсені істеуге болады. Бірақ азаматтардың әрекеті шектен шықпауы тиіс.

Жапонияда басқа мемлекеттің туын қорлауға тыйым салынған. Мазақ еткен жағдайда сол елдің ресми өтініші бойынша іс қозғалады. Ал жапон туын өртеуге рұқсат етілген. АҚШ секілді оны сөз бостандығымен байланыстырады.

Ал елімізде «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы заң» 2007 жылы 4 маусымда қабылданған еді. Заңға сәйкес 4 маусым Мемлекеттік рәміздер күні болып белгіленді. Заң бойынша біздің мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалған, сондықтан оны ешкімнің қорлауына жол берлмейді. Заңға сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағандар – 1 мың АЕК-тен 2 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не нақ сол мерзiмге бас бостандығынан айырылады.

Көк байрақ әлемдік аренада Қазақстанның символына айналды

Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданғалы бері отандастарымыздың барлық жеңісі мен жетістіктігі солармен байланысты болды. Қазақстандықтар әлемдік жарыстар мен олимпиадалардың жеңіс тұғырында еліміздің байрағын желбіретті.

Сондай-ақ көк ту тек олимпиада секілді жарыстарда ғана емес, ғарыш станциясында, Жер планетасында да желбіреді. Мәселен, тәуелсіз Қазақстанның өкілі Талғат Мұсабаевтың ғарыш станциясында бүкіл әлемге Мемлекеттік туымызды көтеріп, сөз сөйлегеніне де 28 жыл өткен. Ал 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ұшуы кезінде ҚР мемлекеттік туы Жер планетасын 150 рет шарлаған еді. Сонымен қоса еліміздің туы әлемнің барлық континентінде, атап айтсақ, Монблан (4 810 метр), Ленин (7 134 метр), Эверест (8 848 метр) сынды әлемнің ең биік шыңдарында желбіреді.

Еліміздің мемлекеттік рәміздерінің суреттері қазақстандықтардың негізгі құжаттары, атап айтқанда, төлқұжат, жеке куәлік, туу туралы куәлік, диплом, аттестатта берілген.

Сонымен бірге мемлекеттік туды өзге елге саяхат жасаған қазақстандықтар өздерімен бірге алып кетеді. Туды және көбіне оның кішкентай көшірмелерін жанкүйерлер мен саяхатшылар барлық сапарға өздерімен бірге алып жүреді. Бұл да азаматтардың патриоттық сезімін нығайтуға ерекше әсер етеді.

Жалпы мемлекеттік рәміздер – елдіктің символы, тәуелсіздігіміздің маңызды белгісі. Сол себепті оны кеңінен қолдану, қадірлеу, оның мән-мамзұнын білу қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жағынан алғанда да өте өзекті. Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау тек 4 маусымда ғана емес, жыл он екі ай бойына жүйелі түрде жүргізілуі тиіс.

Назерке Сүйіндік


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar