Мемлекеттік рәміздер күніне орай Қарағандыда онлайн режимде дөңгелек үстел өтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат- Қарағанды облысының әкімдігінде ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай онлайн режимде дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір басшылығының ресми сайтына сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің философиясы - Ұлы дала тарихында» тақырыбында болған дөңгелек үстел отырысына аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек, Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, белгілі қоғам қайраткері, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жандарбек Мәлібеков, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссия мүшелері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жастар өкілдері және т. б. қатысты.

Дөңгелек үстел отырысы Әнұранның орындалуымен ашылды. Облыс әкімі барлық қатысушыларды мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің әрбір қазақстандықтың өміріндегі маңыздылығын атап өтті.

- Сіздерді Қазақстанның әрбір азаматы үшін ең маңызды күн - мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. 28 жыл бұрын, 4 маусымда Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы негізінде елдің негізгі атрибуттары қабылданды және әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан мәртебесі белгіленді. Мемлекеттік рәміздер Ұлы даланы мекендеген халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін бейнелейді. Еліміздің басты заңында «Әрбір азамат Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті» делінген. Ана сүтімен бірге туған жерге деген махаббат сіңіріледі, сондай-ақ отансүйгіштікке тәрбиелеу де отбасынан басталады. Қарапайым отбасылық тарихтан, ұлттық әдебиетті оқудан, бірлескен ойындардан басталады, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

4 маусымда сағат 11.00-де Қазақстан Республикасының Әнұраны Қарағанды облысының барлық аймақтарында шырқалды. Акцияға 1000-ға жуық ұйым және 10 000-нан астам адам қатысты. Сонымен қатар, барлық қалалар мен аудандарда мемлекеттік рәміздер күніне арналған жүздеген іс-шаралар өтуде. «Еліміздің негізгі атрибуттарына деген осындай құрмет әр күннің нормасына айналуы тиіс», деп атап өтті облыс әкімі.

Жандарбек Мәлібековтың пікірінше, жас ұрпаққа мемлекеттік рәміздердің құрылу тарихымен таныстыра отырып, патриоттық тәрбие беру қажет.

- Баршаңызды осы қасиетті күн - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтаймын. Әлі де есімде, біздің Елтаңба 1992 жылғы 4 маусымда 17.27-де қабылданды. 360 депутат оған дауыс берді. Бастапқыда сын айтылды, бірақ біз бәрін ескердік. Елтаңбаның негізгі идеясы - шаңырақ. Ежелгі уақытта Ұлытау ауданында және қазіргі Қазақстанның басқа да белгілі жерлерінде тайпалар көсемдері өз белгілерін қалдырды. Бұл символдардың мағынасы - мәңгілік ел, яғни тәуелсіздік пен еркіндік. Қарағанды облысы Елтаңбаның құрылу тарихына өз үлесін қосты, - деп атап өтті Жандарбек Мәлібеков.

Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Зиябек Қабұлдинов мемлекеттік рәміздерді насихаттау үшін сыннан өткен халықаралық әдістерді қолдану қажет деп санайды.

- Мемлекеттік рәміздер жөніндегі бірінші конференция Қарағанды облысында онлайн-форматта өтуде. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау үшін халықаралық тәжірибе мен әдістерді қолдану қажет. Мысалы, Швецияда Ту күні тойланады. Неге біз осылай жасамаймыз? Бельгияда Гимн ескерткіші бар. Неге біз де осылай істемеске? Мұндай мысалдар өте көп, - деп пайымдайды Зиябек Қабулдинов.

Дөңгелек үстелге қатысушылар мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды тәрбиелеу - үздіксіз процесс деген пікірге келді. Бұл үдеріспен халықтың барлық санаттары қамтылуы тиіс.

Шара соңында аймақтың қоғамдық өмірінде ерекше көзге түскен азаматтар Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.


Соңғы жаңалықтар