Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматыда қандай шаралар өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай қаладағы көптеген нысандар мерекеге сай безендірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Мәдениет басқармасы мерекеге байланысты қаланың 8 ауданында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырған.

Атап айтқанда, бүгін Рысқұлов пен Әшімов көшелерінің қиылысынан бастап байкерлер әнұранды шырқап, Рысқұлов-Момышұлы-Мөңке би- Саин көшелерін аралап келіп «Алматы Арена» жанына тоқтайды.

Сондай-ақ, әр аудандағы тұрғын үй кешендерінде Қазақстан Республикасының туы көтеріліп, әнұран шырқалады.

Одан бөлек, түрлі ұлт өкілдері мен мамандық иелері арасында мемлекеттік әнұранның онлайн флешмобы өтеді.

Бүгін Достық даңғылында Қазақстан қонақ үйінде «Менің туым» мемлекеттік акциясы жоспарланған.

Кешкі 16:00 шамасында Абай көшесінде Мемлекеттік туды көтерген автошеру өтеді.

Сонымен қатар, «Премьера» ТК, «Шұғыла» шағын ауданында тұрғындар салтанатты түрде әнұранды орындайды.


Сондай-ақ бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter -дегі парақшасында қала тұрғындары мен қонақтарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.

«Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Барлық қиындықты бірге еңсеріп, қуанышқа себеп көп болсын. Туған қаламыз бен Отанға деген махаббатымызды өнегелі істеріміз және қол жеткізген биік жетістіктеріміз арқылы көрсетейік», - деп атап өтті әкім.

Айта кету керек, осыдан тура 28 жыл бұрын, нақты айтқанда 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойған еді. Ал «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.



Соңғы жаңалықтар