Мемлекеттік рәміздер күні әрбір шынайы патриот үшін ерекше қастерлі мереке - Бауыржан Байбек

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік рәміздер күні әрбір шынайы патриот үшін ерекше қастерлі мереке. Бұл туралы «Біз - ел патриотымыз» халықаралық жастар форумында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік рәміздер күні әрбір шынайы патриот, өз елінің ұланы үшін ерекше қастерлі мереке. Биылғы мерекенің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аталып өтетін мерейлі жылға келуі оның мағынасын айшықтай түседі. Ал осы уақытта жастар форумын өткізу - символикалық тұрғыдан да, тәрбиелік жағынан да айрықша мәнге ие іс-шара. Байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған пікірлес, ниеттес, нағыз патриот жастарды көргеніме өте қуаныштымын. Өздеріңіз білетіндей, осыдан 29 жыл бұрын елімізде тұңғыш рет Мемлекеттік рәміздер қабылданған болатын. Ту, Елтаңба және Әнұран халықтың арманы мен мұратын, дархандығы мен даралығын, әлеуметі мен мүмкіндігінің жиынтық көрінісі. Мен баршаңызды бүгінгі ҚР Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын», - деді Бауыржан Байбек.

Ол бүгінде Қазақстан тұрақты дамып, өркен жайған мемлекет екендігін баса айтты.

«Сіздер - Тәуелсіз Қазақстанның өскелең ұрпағы Отанымызды, бірегей жолымызды, экономикамызды өркендетуге терең білім, қажырлы еңбек, өзара ортақ мақсатқа жұмылу арқылы үлес қосасыздар деп алдыңғы буын үлкен сенім артады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біз Тәуелсіздікке аса зарығып жеттік. Енді сол Тәуелсіздіктің қасиетті белігілерін де ерекше қадірлеуміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын тұсы да осы» деген еді. Тұңғыш Президентіміздің осынау ұлағатты сөзін еліміздің әрбір азаматы жүрек түкпірінде сақтап, әркез жадында ұстап, орындауы қажет. Жастар ертеңгі жарқын болашағымыз ғана емес, әлемдік деңгейдегі бүгінгі бәсекеге қабілеттілігіміздің де негізі. Сіздердің білім алып, жан-жақты дамуларыңыз, азамат болып қалыптасуыңыз үшін жағдай жасау, мемлекеттік саясаттың да Nur Otan партиясының да негізгі басымдығы», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.


Соңғы жаңалықтар