Мемлекеттік органдардың бірыңғай сайты құрылады - Дәурен Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның мемлекеттік органдарының бірыңғай сайты құрылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңға сәйкес барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарының болуы міндетті. Бүгінгі күні олардың саны шамамен 300-ді құрайды. Сонымен қатар осы ресурстарды мониторингілеу аясында жыл сайын мемлекеттік органдардың ашықтығы сапасына және халықаралық рейтингтерге әсер ететін бірқатар проблемалар анықталды», - деп атап өтті министр.

null Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың ресурстарына орналастырылған ақпараттың өзекті болмауы немесе толық еместігі тән. Мұнан бөлек, белсенді емес сілтемелері, ақпараттың дұрыс көрсетілмеуі кездеседі. Көру қабілеті нашар адамдар үшін қызметі толық іске асырылмайды. Барлық талап етілетін ақпараттың қазақ және ағылшын тіліндегі нұсқалары болмай жатады. Ал жыл сайын мемлекеттік органдарды хостинг, контент, серверлік жабдықтар, бағдарламалық қамтылымдар жағынан қамтамасыз етуге мол бюджет қаражаты жұмсалады.

«Ақпаратпен қамтамасыз етудегі барлық проблеманы шешу үшін кешенді тәсіл қажет екенін түсінеміз. Осы мақсатта министрлік мемлекеттік органдардың бірыңғай сайтын құру жұмысын жүргізіп жатыр. Біз бұл ретте Ұлыбританияның тәжірибесіне сүйеніп отырмыз. Сонымен қатар Канада, Жаңа Зеландия сияқты елдердегідей бірыңғай ресурс қажет деп есептейді. Азаматтар үшін ыңғайлы «бір терезе» сервисі пайдаланушыға қажетті ақпаратты бір ресурстан табуға мүмкіндік береді», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ министрдің дерегінше, бірыңғай сайтты құру жыл сайын ақпараттық ресурстарды әзірлеу мен сүйемелдеуге бөлінетін шығыстарды екі есе қысқартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар орналастыратын ақпаратты біріздендіруді қамтамасыз етеді.

«Жобаны іске асыру үшін әрине, заңнаманы өзгертуге, дизайнды, құрылымды, контентті пысықтауға уақыт талап етіледі. Бірақ, қорытындысы бойынша біз айтарлықтай нәтиже күтеміз. 2019 жылдың ішінде орталық мемлекеттік органдардың, 2020 жылдың ішінде жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарын бірыңғай платформаға көшіру жоспарлануда», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар