Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі былтыр 500 рет істен шыққан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің қауіпсіздігі мәселесін сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін орталықтандыру, интеграциялау және тиімділігін арттыру бойынша цифрлық платформа әзірлеуді тапсырды. Бұл – басым міндет, соған қарамастан оны жүзеге асыру ұзаққа созылып отыр. Өткен жылы тек техникалық құжаттама бекітілді, ал платформа тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмеген», - деді Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Осыған орай, Премьер-Министр аталған бағыттағы жұмысты 2025 жылдың желтоқсанына дейін аяқтауды тапсырды.

«Ведомстволық деңгейде жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеу мәселесіне ерекше назар аударғым келеді. Өткен жылы ақпараттық жүйелер бойынша 500-ге жуық ақау (сбой) тіркелді, 700 сағаттан астам істен шығып тұрған. Осы секілді теріс фактілерді министрлік егжей-тегжейлі талдау жүрігізіп, цифрлық вице-министрлерге дербес жауапкершілік жүктеу керек. Сонымен қоса, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тетігін әзірлеу қажет», - деп толықтырды Үкімет басшысы.

Оның мәлімдеуінше, цифрлық вице-министрлер KPI деректерінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі керек. Ал, министр олардың жұмысының тиімділігіне бағалау жүргізіп, Үкіметті хабардар етуі қажет.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы қазақстандықтардың жеке мәліметіне сақ болу керектігін ескертті.


Соңғы жаңалықтар