Мемлекеттік органдарда әрекет ету мен шешім қабылдауда еркіндік болуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік органдарда әрекет ету мен шешім қабылдауда еркіндік болуы тиіс. Мұндай пікірді Қаржы министрлігіндегі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Олжас Құдайбергенов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау жүйесіне зерттеу жүргізген едік. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Жапония, Қытай және Сингапур елдерін саралап шықтық. Бюджеттік және стратегиялық жоспарлауда Сингапур өте алға ілгерілеп кеткен. Оларда да 10 жылға арналған стратегиялық жоспар бар. Бізде де 10 жылға стратегиялық жоспар әзірленгенімен ол 5 жылдан кейін-ақ жаңартылып жатады. Ал олар алдын ала әрбір министрлікке қатысты бюджеттік шекті айқындап қояды. Министрлік өзінің 5 жылға арналған жоспарын біледі және соған орай салалық бағдарламалар мен шешімдер қабылдайды. Салалық бағдарламалар мемлекеттік органдармен емес сол саланың сарапшыларымен келісіледі. Бұл түртіп қоя салу үшін жасалмайды. Олар салада өте көп нюанс болатындығын түсінеді. Барлық мәселелерді жинап, өңдегеннен кейін сайтқа орналастырады. Біреулердің бірдеңені жасырып қалуы деген жоқ. Олар сатып алудың бір бөлігін электронды ресурс арқылы жүзеге асырады және кез келген жеткізіп берушіні таңдай алады», - деді ол.

Осы ретте Олжас Құдайбергенов мемлекеттік органдарда әрекет ету мен шешім қабылдауда еркіндік болуы тиістігін баса айтты.

«Бізде өкінішке қарай, барлығы бірін-бірін аңдып отырады. Әркім өз жұмысын орындауы тиіс. Ал түптеп келгенде мемлекеттік органдарда әрекет ету мен шешім қабылдауда еркіндік болуы керек. Содан кейін барып нәтижесіне есеп бергені жөн. Ал бізде нәтижеге емес, формальды процедуралардың сақталуына есеп береді. Айталық, тексеруші орган әділдіктің үлгісі болуы тиіс», - деді сарапшы.


Соңғы жаңалықтар