Мемлекеттік органдар кез келген уақытта сұхбатқа шығуға әзір - Алмалы ауданының әкімі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда аудан әкімдерінің есептік кездесулері басталды. Сондай кездесулердің бірі Алмалы ауданында өтті. Аудан әкімі Серік Құсайынов аудан тұрғыдарымен өткен жылы қол жеткен жетістіктер мен болашаққа деген жоспарымен бөлісті.

«Бүгінгі кездесу Мемлекет басшысының Жолдауы аясында жүзеге асып жатыр. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты Қазақстанның да әлемнің бір бөлшегі ретінде жаһандық өзгерістерге қарай әрекет ететіндігін көрсетіп отыр. Біз болашақта жүзеге асуы тиіс жұмыс көлемін жоспарлап алуымыз керек. Халықпен есептік кездесу өткен жылға есеп беру ғана емес, келер жылға қажетті негізгі бағыт-бағдарды айқындау болып табылады», - деді аудан әкімі.

Әкімнің айтуынша, былтыр аудан экономикасында бірқатар ілгері жылжушылық байқалған.

2014 жылы экономиканың нақты секторына құйылған инвестицияның 78 млрд. теңгесі игерілді. Ауданда жұмыс істеп тұрған 1488 кәсіпорын 143 млрд. 529 млн теңгенің өнімін өндірді.Қала бюджетіне 262 млрд. 427 млн. теңге көлемінде түсім аударылды.

«Алматыда азық-түлік белдеуін құру үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп, облыстың 70-ке жуық фермерлері қатысты. 225 жабайы сауда нүктелері жойылды», - деді С.Құсайынов.

Сондай-ақ, ауданда демографиялық өсім көрсеткіші де жоғарылап келеді. Өткен жылы бала туу көрсеткіші 32,5%-ға артты.

Негізгі басымдық халықтың әлеуметік жағдайын жақсартуға бағытталмақ.

Кездесу барысында аудан тұрғындары әкімге абаттандыру, коммуналдық шаруашылық, қоғамдық тәртіп мәселелері жөнінде сауал жолдады.

Серік Құсайынов аппарат пен ішкі істер басқармасына ойын-сауық және қоғамдық тамақтану орындарында тәртіптің сақталуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«ШОБ-ты тексеруге жарияланған мораторий аяқталды. Біз олардың жұмысына кедергі келтіруге тырыспаймыз, әрине. Бірақ, жақын тұратын халықтың тыныштығы мен санитарлық-гигиеналық тазалық бірінші орында тұру керек», - деді С.Құсайынов.

Аудан әкімі есептік кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Оның ойынша, бұл мемлекеттік органдардың әрдайым сұхбатқа әзірлігін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар