Мемлекеттік операторлар санын қысқарту ұсынылды - Бәсекелестікті қорғау агенттігі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба өнім берушілер мен қызмет ұсынушыларды конкурстық негізде іріктеуді көздейді. Сол мемлекеттік тапсырыстың көлемін 25% азайту жоспарланған. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Серік Жұманғарин жеке тасымалдаушылардың теміржол нарығына енгізілуін Бәсекелестікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның жаңашылдығы ретінде атады.

«Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ магистральдық теміржол желісіне жеке дара иеленіп отыр. Саладағы жүк тасымалының негізгі үлесін (99%) ұлттық компанияның еншілес компаниясы «ҚТЖ «Жүк тасымалдары» ЖШС алып отыр. Өткен жылдан бастап пилоттық жоба аясында алғаш рет 2 жеке жүк тасымалдаушы жұмысқа кірісті. Ал келесі жылдан бастап теміржолмен жүк тасымалдау құқығы конкурстық негізде ойнатылып, тағы жаңа ойыншылар келеді. Жобаны іске асыру арқылы жеке компаниялардың жүк тасымалындағы үлесін 30% жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді агенттік төрағасы ҚазАқпарат журналистерімен кездесуінде.

Серік Жұманғарин ұлттық жоба аясында «коммуналдық құлдық» проблемасын жоюға күш салатынын атап өтті.

«Бүгінде халық домофон, лифт қызметін пайдалану, қоқыс шығару, телевизия, байланыс қызметтерін тұтыну кезінде таңдау мүмкіндігінен айырылған. Яғни бір қызметті ұсынатын бірнеше компанияны кездестіру әзірге қиын. Барлық жерде бір ғана компания қызмет көрсетеді», - дейді агенттік басшысы.

Сонымен қатар, ол агенттік мемлекеттік операторлар мен мемлекеттік тапсырмалардың санын қысқарту және кәсіпкерліктің әр секторына мемлекеттің килігуін талдау жөнінде бастама көтеретінін айтты.

«Мемлекеттік операторлар санын қысқарту арқылы экономиканы монополиясыздандыруға жол ашамыз. Бұл бір жағынан мемлекет шығыстарын қысқартатын шара. Кәсіпкерлікті дамытуға да, тұтынушыларға да қолайлы жағдай туар еді. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінен конкурстан тыс тауар сатып алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік тапсырмаларды қысқарту шарасы да өз әсерін береді» - деді Серік Жұманғарин.

Яғни, ұлттық жоба мемлекеттік тапсырмалардың санын кемінде 25% қысқартып, өнім берушілерді конкурс арқылы іріктеуді қамтамасыз етуге бағытталмақ. Сонымен қатар, жекешелендіру қарқынын жеделдету үшін әкімшілік-аумақтық ерекшелікті ескере отырып, «секторлық тәсілді» енгізу ұсынылмақ.

«Ұлттық жоба іске асып болған кезде шикізат нарығында, электр энергетикасы, көлік және байланыс салаларында «негізгі қуатқа» теңдей қол жеткізу мүкіндігі пайда болып, денсаулық сақтау, көлік, байланыс, агроөнеркәсіптік кешен, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында кедергілер азаяды деп топшылап отырмыз.

Біздің ойымызша, дәл бүгін ұлттық жоба әділ бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін түйіндерді тарқатып, соның салдарынан туындайтын проблемаларды шешетін базалық алаң болуы тиіс», - деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 170 теңгеден аспайтынын мәлімдеген болатын.



Соңғы жаңалықтар