Мемлекеттік нысандарды жекешелендірудің жаңа критерийлері бекітілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті арттыруға бағытталған кәсіпорындарды жекешелендіру арқылы мемлекеттің қатысуын қысқарту жалғасады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, министрлік жекешелендіру бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп бірқатар жұмыс атқарған.

«Биылғы ақпан айында жекешелендіру тізбесін одан әрі кеңейту үшін активтерді іріктеу критерийлері бекітілді. Яғни, әлдебір нысан көрсетілген критерийлерге сәйкес келсе, онда ол жекешелендіруге жіберіледі», - деді Ұлттық экономика министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұдан басқа агенттіктің мандатын кеңейту аясында жекешелендірудің жаңа екі критерийі енгізілді.

«Қазіргі кезде кешенді жоспарға 170-тен астам нысан қосылды. Кәсіпкерлердің жекешелендіру нысанын таңдау құқығы бекітілді. Нысан жеке бастама болған жағдайда сатылуы мүмкін. Бұл ретте, жекешелендіру кезінде мемлекет мүдделерін сақтау мақсатында стратегиялық ұйымдардағы, мәселен, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «QazaqGaz» және тағы да басқа компанияларында бақылау үлесін сақтау, сатып алу-сату шартын жасасқанға дейін қызметкерлер штатын қысқартпау ережелері көзделген. Нысандар уақтылы сатуға шығарылмаған жағдайда лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады», - дейді Ә. Қуантыров.

Фото: t.me/KZgovernment


Соңғы жаңалықтар