Мемлекеттік мүлікке тағы да ревизия жүргізіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ке дейін қысқарту үшін мемлекеттік мүлікке тағы да ревизия жүргізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде осындай тапсырма берді.

«Үкіметтің алдында экономикадағы жеке сектордың үлесін арттыру міндеті тұр. Бұл мәселені шешудің негізгі факторы Жекешелендірудің кешенді жоспарын уақтылы іске асыру болып қала береді. Биыл жоспардың 90%-ын орындау қажет. Бұл жұмыста өткен жылдардың тәжірибесін ескеріп, жоспарды толықтыру үшін мемлекеттік мүлікке ревизия жүргізу маңызды. Негізгі мақсат – мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ке дейін қысқарту», - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, мемлекеттік активтерді басқару жұмыстарының қорытындысы Парламентке таныстырлатынын еске салды.

«Сондай-ақ, экономиканы демонополизациялау бойынша да жүйелі жұмысты жалғастыру қажет.

Министрлік Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, монополиялық жағдайын пайдаланып, бәсекелестіктің дамуына кедергі келтіретін компанияларды анықтауы қажет.

Үкіметтің міндеті – биыл шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар санын 3,8 млн. адамға дейін жеткізу», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар