Мемлекеттік материалдық резервті уақтылы жаңартудың жаңа тәсілдері енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасында 3 Кодекске (Бюджет кодексі, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы») және 4 Заңға («Жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы», «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы», «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Азаматтық қорғау туралы») түзетулер енгізу көзделген.

Жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға осы саладағы мемлекеттік бақылау құзыреті беріледі. Бақылау мына органдарға қатысты қолданылады: бұл – Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды қоспағанда, орталық атқарушы мемлекеттік органдар; Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар; Жергілікті атқарушы органдар.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 462-бабы бойынша Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға құқығы бар лауазымды адамдар тізбесі жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен толықтырылады. Бұл мемлекеттік органдарға жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласында жауапкершілік белгілеуге мүмкіндік береді», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Мемлекеттік органдардың жұмылдыру дайындығы саласындағы құзыреттерінің аражігі ажыратылып отыр. Осылайша, мемлекеттік органдардың функциялары нақтыланатын болады.

«Жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органға сақтандыру қорын құру және сақтау саласындағы қызметті үйлестіру құзыреті беріледі. Бұл – қару-жарақ пен әскери техника бұйымдарына, аса маңызды азаматтық өнімге техникалық құжаттаманың, сондай-ақ қауіптілігі жоғары объектілерге, халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелеріне және ұлттық игілік болып табылатын объектілерге жобалық құжаттаманың сақтандыру қоры.

Сонымен қатар министр мемлекеттік материалдық резервті уақтылы жаңартуды қамтамасыз ету үшін жаңа тәсілдер енгізілетінін атап өтті.

Бұл – сақтау пункттерінің материалдық құндылықтарды жаңартуын енгізу және материалдық құндылықтарды өтеусіз негізде басқа мемлекеттік органдардың балансына беру. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде қызмет ететін бірыңғай дистрибьютордың жұмылдыру резервінің медициналық мақсаттағы дәрілік заттары мен бұйымдарын жеткізу, сақтау және жаңарту функцияларын орындауы ескерілген.

«Заң жобасы мемлекеттік жұмылдыру дайындығы мен мемлекеттік материалдық резерв жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталды», - деді Руслан Дәленов.

Соңғы жаңалықтар