Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі қандай болмақ

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Қостанай облысы активімен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық филармонияда өткен актив жиынында мемлекеттік қызметтің жаңа моделіне көшу барысы талқыланып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес пен мемлекеттік қызмет саласында болып жатқан өзге де реформалық өзгерістер жайы сөз болды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын төлеу жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланып, кәсіпкерлікті жемқорлықтан қорғау шараларын күшейту керектігі айтылды.

Агенттік төрағасының сөзінше, ең бастысы - сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  бұқаралық сипатқа ие болуы тиіс. Жаңа ғана басталған «Қостанай - адалдық алаңы» жобасы да осы мақсатты көздейді.

«Бүгінде мемлекеттік қызметті жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты күшейту бағытында бірталай іс атқарылды. Қазақстан қоғамы коррупциядан ада заманауи құқықтық мемлекет құруға күш салып жатыр. Еліміздегі барлық мемлекеттік қызметтердің 47%-ы электронды жүйеде жүзеге асырылады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу көзделіп отыр.  Қалған 10% сервистік ұйымдар, мемлекеттік корпорациялар арқылы атқарылады», - деді А.Шпекбаев.

Еске салсақ, Елбасы биылғы Жолдауында мемлекеттік қызметтерді цифрлық жүйеде ұсынуды тапсырған болатын. Нәтижесінде, 2019 жылы мемлекеттік қызметтің 80%, ал 2020 жылы 90% электронды форматқа ауысады. 

Агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басты тетігі заңдардың орындалуы екеніне баса тоқталды.

«Мемлекет басшысының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия туралы Жарлығы шықты.  «Ұлт жоспары» шеңберінде 60-тан астам жаңа заң қабылданды. Ендігі міндет - осы заңдардың үстемдігін толыққанды қамтамасыз ету. Алда атқарылатын шаруа  көп. Сондықтан бір орында тұрып қалмауымыз керек.  Бізде кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін барлық мүмкіндіктер бар, - деді ол.

Алик Шпекбаев айтқандай, Қазақстанда мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-ға жеткен. Оның 29% басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Өйткені бүгінде әйел адамға деген сенім күшейген.

«Әйелдер ер адамдарға қарағанда, адал әрі міндетіне тиянақты қарап, жемқорлық тәуекеліне оңайлықпен бара қоймайды. Жуырда Астанада «Азия-Тынық мұхиты» форумын өткіздік. Форумға келген шетелдік әріптестерімізбен пікір-тәжірибе алмастық. Бір түсінгенім -  шетелде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің басы-қасында көбіне әйелдер жүреді екен. Бұл бағыттағы жұмыстар бізде де жандануы тиіс», - деді агенттік төрағасы.

Айта кетейік, Қостанай облыс әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Қостанай - адалдық алаңы» атты бірлескен жобаны қолға алды.  

 

Соңғы жаңалықтар