Мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу тәртібін жауапты агенттік айқындайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу тәртібін бұл саладағы жауапты ведомство реттейді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тиісті норма бүгін палата отырысында бірінші оқылымда талқыланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ескерілген.

«Мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу және икемді жұмыс кестесін реттеу құзыретін агенттікке беру қарастырылған. Пандемия (коронавирус) мен жан-жақты цифрландыру үрдісі қашықтан жұмыс істеу, сондай-ақ икемді жұмыс кестесін қолдану мүмкіндігін көрсетті. Осы мәселе бойынша жалпы нормалар 2021 жылы Еңбек кодексіне енгізілген болатын. Алайда мемлекеттік аппараттың ерекшелігін ескеріп, мемлекеттік қызметте бұл мәселелер нақты және егжей-тегжейлі реттелуі тиіс. Осы орайда мемлекеттік қызметте қашықтан жұмыс істеу әрі икемді жұмыс кестесінің нақты тәртібі агенттіктің тиісті бұйрығында белгіленеді», - деді Д. Жазықбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, агенттік басшысы басқа өңірге ауысқан мемлекеттік қызметшілерге ротациялық төлем берілетінін, бұл қаражат пәтер жалдауға бағытталатынын айтты.


Соңғы жаңалықтар