Мемлекеттік қызметте икемді жұмыс кестесі кімдер үшін енгізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев икемді жұмыс кестесінің кімдер үшін енгізілетінін нақтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі кезде біз мансап пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау мақсатында бірқатар шараларды қолға алып жатырмыз. Соның бірі - кішкентай балалары бар мемлекеттік қызметшілер үшін икемді жұмыс кестесін енгізу. Себебі бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі - әйелдер. Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы аталған бастамамызды қолдады», - деді А.Шпекбаев ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша комиссияның кеңейтілген отырысында.

Айта кетейік, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өз қызметкерлері үшін икемді жұмыс кестесін енгізуді жоспарлап отыр. Аталған бастама оң нәтиже берсе, ондай кесте барлық мемлекеттік органдарға таратылады.

«Өзгерістерді өзіңнен баста» бағдарламасының бас менеджері Шыңғыс Төрегелдиннің айтуынша, жұмыс кестесін өзгертуге қатысты арнайы сауалнама жүргізілген болатын. Сол кезде агенттік қызметшілерінің 70 проценті жұмыс кестесін өзгертуді сұрады. Біреулер жұмыстың басталу уақытын сәл шегеруді өтінсе, енді біреулер түскі үзілісті ұзарту қажеттігін жеткізді. Осыған байланысты агенттік қызметшілері үшін жұмыс уақытын өзгерту туралы шешім қабылданды. Алайда 8 сағаттық жұмыс күні сақталады. Сосын аталған бастаманы әзірше пилоттық жоба үлгісінде қолға алынады.

«Біз мектепке дейінгі жастағы және бастауыш сыныпта оқитын балалары бар агенттік қызметшілері үшін жұмыс күнін 9:30-ға белгілеуді ұсындық. Сонда 1,5 сағаттық түскі үзілісті санағанда олардың жұмыс уақыты 19:00-ге дейін созылады. Сол сияқты түскі үзілісті ұзартуды сұрағандар қосымша жарты сағат алса, олардың жұмыс күні де 19:00-ге дейін болады. Қалған қызметшілер үшін қолданыстағы жұмыс кестесі (9:00-18:30) қала береді. Аталған өзгерістер жұмыс тиімділігіне кедергі жасамай, ұжымдағы моральдық-псиxологилық климатқа оң әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Бұл бастама агенттікте, сондай-ақ ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде сынақтан өтеді. Біз оны қыркүйек айында бастаймыз», - деді Ш.Төрегелдин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. 

 

Соңғы жаңалықтар