Мемлекеттік қызметте елге көбірек пайдам тисе деймін – кадр резервіне енген жас кәсіпкер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Президенттің кадр резервіне енген елордалық жас кәсіпкер Бекжан Әлімқұлов не үшін мемлекеттік қызметте еңбек етуге ниетті екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«4-5 жылдан бері өз кәсібімді дөңгелетіп келемін. Одан бұрын ірі компанияларда заңгер болып жұмыс істедім. Елордада бетон өндіретін зауыттың басшысымын. Нұр-Сұлтанда төселген 200 мың шаршы метрден астам тас төсеніш біздің зауыттан шыққан. Осы уақытқа дейін мемлекетке 40 млн теңгеден астам салық төлеп үлгердік», - дейді жас кәсіпкер.

Кәсібін нәсіп еткен Бекжан Әлімқұловтың Президенттің кадр резервіне тапсыруының өз себебі бар екен. «Кәсіпкермін» деп өзін тар шеңберге қамағысы келмейтін көрінеді.

«Кәсіпкерлікке қарағанда мемлекеттік қызметте халыққа көбірек пайдам тиер болса, неге еңбек етпеске? Белсенді болғым келеді. Сол себепті Президентіміз сайлауалды бағдарламасында «ең алдымен жастарды үлкен лауазымдарға тарту керек» дегеннен кейін осы жобаға келдім. Әлбетте, әу баста 300 азаматтың іріктелетінін естіп, өзімнің сол қатарда болатыныма нық сенімді болдым. Алайда кадрлық резервке 13 мың адамның тапсырғанын естігенде үмітім үзіле бастаған еді. Ақыры, сыннан сүрінбей өткенімді естіп, қуандым», - дейді ол.


Жас кәсіпкер қазіргі уақытта әртүрлі мемлекеттік органнан ұсыныс түсіп жатқанын айтады. Әзірге техникалық та, гуманитарлық та білімі бар (Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеттің «ақпараттық жүйелер» мамандығы мен Нұр-Сұлтандағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «заңгер» мамандығы) Бекжан ұсыныстардың бәрін саралап көрмек.

«Естуімше, кадрлық резервке өткендердің ішінде 55 адам қазірдің өзінде қызметке орналасқан. Қатарластарым үшін қуаныштымын. Себебі, олар үшін бұл – прогресс, шын мәнінде әлеуметтік лифт. Келешекте Қазақстанның өндіріс саласына қатысты немесе кәсіпкерлерге көмектесе алатын, ағылшынша айтқанда «design maker» сипатындағы, яғни өзгеріс енгізе алатын қызмет тиіп жатса, қуана қабылдаймын», - дейді ол.

Еске сала кетсек, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізген болатын. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ел жастарына үндеу жолдады.





Соңғы жаңалықтар