Мемлекеттік қызметшінің жұмысы да, жүріс-тұрысы да ұдайы назарда - Берген Беспалинов

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен мемлекеттік қызметтің әлемдік стандарттарға сай жаңа тиімді институттары мен тетіктерін құру бағытын мақсатты және кезең кезеңмен іске асырып келеді.  Мемлекеттік қызметшілер үшін биылғы жыл аса маңызды оқиғамен ерекшеленуде. Себебі, осыдан жиырма жыл бұрын 1998 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі құрылды. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалиновпен сұхбат өткізді. 


- Берген Маратұлы, әңгімеміздің әлқиссасын Ақмола облысында мемлекеттік қызмет істері органының құрылуынан бастасаңыз?

- Мемлекеттік қызмет саласында бірыңғай саясатты жүзеге асыратын және тікелей республика Президентіне бағынатын уәкілетті органның құрылуы еліміздің мемлекеттік қызмет жүйесін реформалаудың жаңа кезеңіне бастау алды. Сол кезде мемлекеттік басқару жүйесінде бірқатар мәселелер айқындалып, мемлекеттік қызметті реформалауды құқықтық жағынан қамтамасыз ететін заң қабылданды. Аталған заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің құрамы саяси және әкімшілік болып жіктеліп, әрқайсысының өз міндеттері мен жауапкершіліктері белгіленді. Осы заң негізінде мемлекеттік қызметке конкурс арқылы орналасу әдісі енгізілді, бос лауазымға үміткер тұлғалар тестілеу мен әңгімелесуден өтуге тиісті болды.

2000 жылы облысымызда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша басқармасы құрылды. Оны басқарған Марат Құлмағамбетовпен қатар, аймақтағы мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру бастауында Валентина Козинская, Галина Ильяшенко, Мұрат Рахымбергенов, Тимур Оспанов, Тимур Ысмайылов, Ырысты Бекқожина, Жәмила Оспанова сияқты тұлғалар болды. Құрылған күннен бастап басқарма мемлекеттік органдардың кадр сапасын жақсарту, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында бірқатар маңызды жұмыстардың басын қайырды.

- Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылады. Мемлекеттік қызметке кімдер және қалай қабылданады. Осы туралы айтып өтсеңіз?

- Иә, дұрыс айтасыз, мемлекеттік қызметке орналасу үшін мамандардың әрқайсысына қатаң талаптар қойылады және кешенді іріктеуден өтуі арқылы қызметке қабылданады. Әуелі - заңнаманы жетік білуімен қатар, жан-жақты болуы шарт. Екіншіден, этикалық ұстанымы мен ішкі мәдениеті жоғары мамандарға басымдық беріледі. Үшіншіден, сол кәсіпке бейім, икемді жандар іріктеледі. Оған қоса, қызметкердің жұмыспен қатар, тұрмыстағы жүріс-тұрысы да таразыға салынады. Осыған орай, қызметтік этиканы бұзу деректерін төмендету және мүдделер қақтығысын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшiлерiнiң ар-намыс Кодексі бекітілді. Ондағы нормалар мен ережелер мемлекеттік қызметшілердің жүріс тұрысының егжей-тегжейлі нормаларын қалыптастырумен ерекшеленді.

Ал, 2005 жылдың 14 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен облыстар мен Астана, Алматы қалаларында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Тәртіптік кеңестері құрылды. Кеңес жұмысының айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның қызметіне жергілікті қоғамдастық пен БАҚ өкілдері енгізілді. Тәртіптік кеңестердің максималды айқындылық қағидатына негізделген қызметі тиімділіктің жоғары деңгейін көрсетті, мемлекеттік және еңбек тәртібін нығайту мәселелері бақылауға алынды. Ақмола облысы басқармасының жанындағы Тәртіптік кеңестің бірінші төрағасы Нұрлан Рамазанов болды.

2013 жылдың наурыз айында мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастыру мақсатында әкімшілік мемлекеттік қызметтің құрылымында саяси мемлекеттік қызметшілер айқындаған саясатты жүзеге асыруды, стратегиялық шешімдерді қабылдау және оларды орындау арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін басқарушылық деңгейдегі «А» корпусы құрылды. Стратегиялық мақсаттарға жету және еліміздің әлемнің дамыған 30 озық мемлекетінің қатарына қосылуы үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданды, бұл мемлекеттік қызметті реформалаудың үшінші кезеңін айқындады.

Ұлт жоспарының бірінші бағыты кәсіби мемлекеттік қызмет моделін құру және оның кадр әлеуетін нығайту болып табылады. Реформалау аясында 2015 жылы қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделін қалыптастыруға жол ашты. Жоғарыда айтып өткенімдей кадрларды іріктеудің үш сатылы жүйесі енгізіліп, мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі жаңартылды, конкурс барысында үміткердің біліміне ғана емес, жеке құзыретіне ерекше көңіл бөлінді. Бұл жүйеде тәжірибесі жоқ үміткерлер жалпы конкурс арқылы төменгі лауазымдарға іріктеліп, кейін жұмыс барысында жинақтаған тәжірибе мен жеке құзыреттері арқылы ішкі конкурс негізінде мансаптық ілгерілеуге қол жеткізді.

- Осы күні Ақмола облысында қанша мемлекеттік қызметші бар және олардың білімі мен біліктілігін жетілдіру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

- Бүгінгі күні облыстың қалалары мен аудандарындағы 707 мемлекеттік органда 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олардың ішінде ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының және мемлекеттік басқару академиясының түлектері бар. Кез-келген елдің негізгі қозғаушы күші - жастар. Сондықтан, департаменттің тарапынан жастарға айрықша көңіл бөлінеді, жыл сайын тұрақты түрде студенттермен кездесулер өткізіліп, жұмыссыз жастарға, жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектеріне арналған бос лауазымдар жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

Бүгінгі күні облыстағы мемлекеттік қызметшілердің төрттен бір бөлігін 29 жасқа дейінгі жастар қауымы құрайды. Ішкі конкурстар институтының енгізілуі мемлекеттік қызметшілердің мансаптық ілгерілеуіне, кадрларды іріктеу сапасына оң әсерін тигізуде. Жыл басынан бері облыста өткізілген ішкі конкурстар қорытындысы нәтижесінде қызметшілердің 70 проценттен астамы жоғары лауазымдарға тағайындалды. Мемлекеттік қызметте қылмыстарға жол ашылуы - азаматтардың, заңды тұлғалардың қарапайым құқықтарын бұзудан басталады. Сондықтан, оның алдын алуда қызметтік этиканы сақтауға бақылау жүргізу жүйесі маңызды рөл атқарады. Осы орайда, департамент мемлекеттік және еңбек қызметін нығайту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді.

Агенттік пен ҚР Президенті жанындағы мемлекетік басқару академиясы бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерге арналған қалтаға салып жүретін Әдеп кодексін, яғни, «Pocketbook» әзірледі, ол мемлекеттік қызметшілердің әдебіне қатысты мәселелер туындағанда басшылыққа алынатын әдістеме ретінде қолданылады. Кәсіптік және мансаптық ілгерілеуге жағдай жасау - реформалаудың мақсаттарына жетудің негізгі бөліктерінің бірі. Мемлекеттік қызметшілердің мүдделерін қорғау, қайта даярлау және оларға қолайлы жұмыс ортасын қалыптастыру, көшбасшылықты қолдау тәрізді шаралар оларды ынталандырудың негізгі стратегиясы.

- Бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кадр саясатын тиімді жүргізіп келеді. Қазіргі таңда агенттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын іске асыруда. Бұл бағытта Ақмола облысында қандай шаруа тындырылуда ?

Бұл кіші бағдарламаның басты мақсаты мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық мәдениетін дамыту, мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрыс моделін өзгерту болып табылады. Бұл дегеніміз, мемлекеттік аппараттың жаңа форматқа бет алуы, әлемдегі тың өзгерістерге жауап бере алуы, әрбір қызметші санасының өзгеруі, әлеуетінің артуы. Мемлекеттік қызметті жаңғырту Қазақстандағы жаңғыру процесінің айнымас бір бөлігі іспетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында тиімді мемлекеттік басқаруға зор мән берді. Әрине, білімді, құзыретті, бәсекеге қабілетті мемлекеттік қызметшілердің үйлесімді жұмысы еліміздің дамуына игі ықпал ететіні анық. Сондықтан, бұл бағытта Ақмола облсында да ауқымды шаралар жүзеге асырылуда.

- Департамент мемлекеттік қызмет істерімен ғана айналысып қана қоймайды, сыбайлас жемқорлықпен де күрес жүргізеді. Қоғамды мендеген жемқорлықпен күрес Ақмола облысында қаншалықты тиімді жүргізілуде?

- Бүгінгі таңда осы бағытта 400-ден астам ақпараттық түсіндіру шаралары өткізілді. Олар білім, ғылыми-тәжірибелік, мәдени-бұқаралық бағыттарда өрбіп отыр. Бұл тұрғыда бұқаралық ақпарат құралдары отандастарымыздың бойында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетігін қалыптастырудың бір нақты жолы болып табылатындықтан, мерзімдік басылымдарда жарияланған материалдардың өзі 700-ден аса түскенін де айта кету керек.

Әрине, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу сияқты үлкен мәселеде өскелең ұрпақпен жұмыс істеу басты назарда ұсталуы керек. Осыған байланысты Ақмола облыстық білім басқармасымен және жоғары оқу орындарымен бірлескен жұмыс жоспарымыздың бары да кездейсоқ емес. Соның нәтижесінде 495 мектепте қатарына 30 мыңнан астам оқушыны біріктіретін «Адал ұрпақ» клубтары жұмыс істейді. «45 минут жемқорлық туралы» сынып сағатының да жүйелі өткізілетіндігін атап өткен жөн. Сондай-ақ, аймақта құрамына департамент қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының, «Атамекен» өңірлік палатасының, «Жаңару» қоғамдық бірлестігінің өкілдері кіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы жедел топ жұмыс істейді. Бұл істен қоғамдық жұртшылық және БАҚ өкілдері де сырт қалған емес.

Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап «Адал өмір сүру» жобасының аясында дәстүрге айналған «Адал жол» сыбайлас жемқорлыққа қарсы марафоны өз жұмысын бастады. Бұл марафон облыстың 7 өңірінде өткізіліп, өзінің өміршеңдігін танытты. Бір құптарлығы, департаменттің осы марафонды өткізу жөніндегі бастамасын орталық аппарат қолдап, республикамыздың бүкіл аймағына таратып отыр.

Қашан болсын, біздің департаменттің басты міндеті қоғамымызда жиі көрініс беріп отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді күрес жүргізіп, мемлекеттік қызмет сапасын жетілдіру, бұл үшін мемлекеттік қызметшілер арасында жан-жақты жұмыс жүргізіп, мемлекеттік органдарды қабілетті де жауапкершілігі жоғары кадрлармен нығайту болып табылатындығын бір сәт те естен шығармаймыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар