Мемлекеттік қызметшілерге шетелдік банктен есепшот ашуға тыйым салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының кеңесшісі Анар Жарова мемлекеттік қызметшілердің қандай жағдайда шетелдік банктерде есепшот аша алатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңесші биылғы 19 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңда қамтылған кейбір новеллаларды түсіндірді.

«Шетелдік банктерде шоттар ашуға және иеленуге тыйым салудан бастайық. Мұндай тыйым мемлекеттік қызметшілерге, Парламент депутаттары мен судьяларға енгізілген. Мұнда мемлекеттік қызметтің бірқатар шектеулер қабылдайтын қызметтің ерекше түрі екенін түсіну қажет. Аталған түзетулерді әзірлеу кезінде ел мен халықтың мүддесі үшін қызмет ету идеологиясы бірінші орынға қойылды. Қоғамда ақшасын көптеген азаматтар сияқты қазақстандық банктерде емес, шетелдік банктерде сақтайтын шенеуніктерге сену қажет пе, бұл шоттар сыбайлас жемқорлық схемаларымен және капиталды шетелге шығарумен байланысты емес пе деген сұрақтар туындауы мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасын заңнамалық іске асыру орынды және дер кезінде болып отыр», - деді Анар Жарова Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөніндегі заңнамалық шаралар туралы онлайн брифингте.

https://web.facebook.com/anticorruption.kz/videos/310008383702277

Спикердің айтуынша, енді мемлекеттік қызметшілерді қызметке тағайындауда оларға шетелдік шоттарын жабу үшін 6 айлық мерзім берілетін болады. Жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілерге заң қолданысқа енген күннен бастап, Қазақстан Республикасынан тыс орналасқан шетелдік банктердегі шоттарын жабуға 6 ай беріледі.

«Бұл ретте, заңда мемлекеттік қызметшілерге шетелдік банктерде шот ашуға рұқсат беру жағдайлары да айқындалған.Оның ішінде – шетелде жұмыс істеу, оқу, тағылымдама, іссапар немесе емделу немесе кәмелетке толмаған баланың заңды өкілі ретінде шетелде болу. Бұл жағдайлар тоқтатылған соң (мысалы, шетелдік іссапардан, оқудан және т.б. оралған күннен бастап) мемлекеттік қызметші 6 ай ішінде шетелдік банктегі құндылықтары мен қаражатын сақтауды тоқтатуға міндетті. Дәл осы талап пен мерзім мұраны қабылдау жағдайларына да қолданылады.

Егер мемлекеттік қызметші шетелдік банктегі шотты жапқысы келмесе және мемлекеттік қызметтен кетуге ниет білдірсе, онда ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш беруге құқылы», - дейді Анар Жарова.


Соңғы жаңалықтар