Мемлекеттік қызметшілерге дактильді және ыммен сөйлеу тілі оқытылмақ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалында мемлекеттік қызметшілерді дактильді және ымдау тіліне оқыту бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Жоба "Идеялар фабрикасы" дәстүрлі алаң аясында жүзеге аспақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Идеялар фабрикасы» брейнсторминг жобасы енді тек Академияда ғана емес, оның филиалдарында да қарқын алуда. Яғни бүкіл ел бойынша мемлекеттік басқару жүйесін жақсарту мақсатында нақты жобаларды одан әрі іске асыру үшін идеяларды іріктеу жалғасуда. Осы орайда «Идеялар фабрикасы» аясында академияның СҚО бойынша филиалында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік басшы лауазымына алғаш тағайындалған мемқызметшілерге арналған 3 апталық қайта даярлау курстарынан өткен филиал тыңдаушылары өз жобаларын қорғады», - делінген академия мәліметінде.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының СҚО бойынша филиалының жеке жобасын іске асыру нәтижелері ұсынылды. Жоба академияның 25 жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған 25 әлеуметтік жоба аясында агенттіктің СҚО бойынша департаментімен бірлесіп жүзеге асырылды.

Бұл жобаны енгізуге облыста әртүрлі дәрежедегі есту қабілеті нашар 1030 адам тұратыны негіз болды, олар сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қажет етеді. Сондықтан көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдармен қарым-қатынас жасау дағдыларына үйретуге міндетті.

Осыған орай, академия филиалының базасында халыққа қызмет көрсететін азаматтық және мемлекеттік қызметшілер арасында қарым-қатынас дағдылары мен ымдау тілін қолдану бойынша курстар ұйымдастырылып, өткізілді. Жалпы көлемі 30 сағат болатын барлығы 10 сабақ өткізілді, оған СҚО бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, СҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті, СҚО әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан және Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаментінен қызметшілер қатысты.

«Жоба командасының қатысушылары осы дағдыларды меңгеру есту қабілеті нашар адамдарға қатысты мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға алып келетініне сенімді. Анықталған нәтижелілік негізінде филиал базасында халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді оқытуды жалғастыру жоспарлануда. Жоба мақұлданып, еліміздің барлық аймақтарында жүзеге асыруға ұсынылды», - дейді академия мамандары.

Соңғы жаңалықтар