Мемлекеттік қызметшілердің іссапар есебін тапсыруы жеңілдеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іссапар есебін тапсырудың жаңа қағидаларын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан былай, іссапарға шыққан мемлекеттік қызметшілерге жол жүру билеттерін тапсыру ғана жеткілікті.

«Агенттіктің бастамасымен 2018 жылдың 29 желтоқсанында Үкімет қолданыстағы Қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Атап айтсақ, мемлекеттік органдар өздерінің қызмет ерекшелігін ескере отырып, қызметтік іссапарларға жіберудің ішкі тәртібін дербес әзірлеу мен бекіту құқығына ие болды. Мемлекеттік қызметшілерден уақытша тұрған жері үшін қажетті құжаттарды өткізу талабы жойылды», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Данияр Сабырбаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Іссапардағы қызметкерлерден фискалдық чектер, кассалық кіріс ордерлері, шот-фактуралар, есептер, хабарландырулар, жалдау шарты, патенттер, куәліктер және өзге де қонақүй қызметін растайтын құжаттарды тапсыру міндеті алынып тасталды.

«Осылайша, жалған құжаттарды әзірлейтін тұтас нарықты жойып отырмыз. Яғни, қонақ үйді жалдау туралы жалған құжат өткізудің енді қажеті жоқ. Соңғы үш жылда іссапарлық шығынға бөлінген бюджет қаражатын негізсіз жұмсау фактісі бойынша 84 қылмыстық іс тіркелген. Олардың біразы іссапар есебін өткізудегі артық қағазбастылықтан және пайда көру мақсатында заңбұзушылыққа барған. Жалған құжат жасатуға мәжбүр болған», - деді Данияр Сабырбаев.

Оның айтуынша, ЭЫДҰ елдерінде іссапарлық есеп беру барынша жеңілдетілген. Онда әр қала үшін бөлінетін қаражат нормативпен бекітілген және көлік билетін тапсыру жеткілікті.

«Тәуліктік және тұратын мекенді жалдау бойынша іссапар шығындарын өтеу көлемі өзгеріссіз қалды. Ол айлық есептік көрсеткіш бойынша бекітілген нормативтерге сәйкес анықталады. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау сынды ірі қалалар үшін 7 АЕК (2019 жылдағы 1 АЕК - 2525 теңге) төленеді. Өзге қалалар үшін - 6 АЕК және тамақтану үшін - 2 АЕК беріледі», - деді Д. Сабырбаев.

Соныме бірге, іссапар шығындарын өтеуді оңтайландыру арқылы бухгалтерлік қызметтің жұмысы жеңілдейді және оларды қысқартуға болады.

«Агенттік 2019 жылдан бастап, орталықтандырылған еңбекақы, еңбек демалысы, іссапар шығындары және бухгалтерлік есеп жүргізуді бастады. Биыл 1 наурыздан бастап, агенттіктің аумақтық бөлімшелерінде бухгалтер лауазымын қысқарту жоспарланған. Қысқартудан шамамен 28 млн теңге үнемделеді. Бұл қаражат қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға жұмсалады», - деді брифингте МҚІСЖҚА Ішкі аудит басқармасының басшысы Сәуле Ақмамбаева.

Соңғы жаңалықтар