Мемлекеттік қызметшілердің айлығы не үшін көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мемлекеттік қызметшілердің айлығы не үшін көтерілгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік қызметтің бәсекеге қабілетсіз жұмыс берушіге айналғаны сонша, көптеген сарапшы деңгейіндегі құжат әзірлей алатын мамандар «Яндекс такси» сияқты қызмет көрсету саласында көбірек табыс таба бастады. Бірінші кезекте біз өңірлердегі мемлекеттік қызметшілердің айлығын көтердік. Өйткені, әсіресе, жергілікті әкімдіктерде біліктілік мәселесі өзекті болды», - деген Дәурен Абаев айлық көтерілгеннен бері қызметкер іріктеу конкурстарында бәсеке пайда болғанын атады.

«Бұрын қалай еді? Әкімдік сарапшы лауазымына конкурс жариялады дейік. Бір адам ғана өтінім беретін. Себебі айлығы өте аз болды. Сеніңіз, мұндай жағдайда оның құзыреттілігін ешкім тексермейді де. Жұмыс істеуге келіссе болды дейді. Ал айлықты көтеріп еді, конкурсқа түсетін өтінімдердің саны 7 есе өсті-ау деймін. Конкурс қаншалықты бәсекелі болса, іріктелетін маманның сапасы да соншалықты жоғары болады. Яғни, іріктеуге мүмкіндік бар. Әрине, мұндай іріктеуден өтіп алынған маманның қателігі де әлдеқайда аз болады. Соның арқасында халықтың өмір сапасына тигізер пайдасы да көбірек болады», - деді «Ашық диалог» сұхбатының тұрақты қонағы.

Айтуынша, мемлекеттік қызметшінің айлығы мойнына арқалайтын жауапкершігіне сай көтерілген.

«Тағы бір мәселе жауапкершілік деңгейіне келіп тіреледі. Елестетіп көріңіз, бір министрліктегі немесе әкімдіктегі қандай да бір басқарманың басшысы жүздеген миллион теңгенің құжатына қол қояды. Тексеруші органдар сол құжаттан тіпті жалғыз формалды қате тапса, сол үшін арқалайтын жауапкершіліктің құнына бұған дейін алып келген 150 мың теңге айлығы тати ма? Ал тұтас бір саланың немесе өңірлердің дамуына жауапты министрлер мен әкімдердің жауапкершілігі туралы айтудың өзі артық», - деді Дәурен Абаев.


Соңғы жаңалықтар