Мемлекеттік қызметшілерді іріктеу: А корпусына резерв жойылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерді іріктеудің бірқатар ережесі өзгереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ведомстваның кеңейтілген алқа отырысында мәлімдеді.

Агенттік төрағасы 2018 жылдағы мемлекеттік қызмет жағдайы туралы ұлттық баяндама әзірленіп жатқанын мәлімдеді және ондағы мемлекеттік қызметті дамытудың бірнеше бағыттарын атап өтті.

«А корпусына іріктеу тәртібі қайта қаралады. Атап айтқанда, А корпусына резевті жойып, тікелей конкурстық іріктеу жүргізу ұсынылып отыр. Б корпусы да үш кезеңдік іріктеуден екі кезеңге қысқарады. Қазір мемлекеттік органның өзінде ішкі конкурс өтеді, содан кейін бүкіл мемлекеттік қызмет арасында байқау жарияланады және содан кейін ғана өзге ниет білдірушілердің қатысу мүмкіндігі туады.

Агенттік төрағасы келтірген мәліметтерге сәйкес, тағайындаулардың 57 проценті меморганның ішкі байқауы нәтижесінде, 16 проценті - өзге органдардан болса, 27 процентінде - азаматтық сектордан келген мамандар тағайындалған.

«Осыны ескере отырып, тағы да талдау жүргіздік және халықаралық тәжірибелерді зерттедік. Нәтижесінде алдыңғы екі кезеңді қысқартуды ұйғарып отырмыз. Бұл арқылы конкурс жүргізу уақытын үш есеге - 50 күннен 15 күнге дейін қысқартуға болады», - деді Шпекбаев.

Сонымен бірге, Шпекбаев жаңа жылдан бастап, құқық қорғау жүйесі мен Ұлттық бюроның да конкурстық негізге өтетінін хабарлады.

«Жаңа жылдан бастап, құқық қорғау жүйесі мен Ұлттық бюро конкурстық негізге ауыстырылады. Одан бөлек, құзіретті және талантты мамандарды кадрлық саясат жөніндегі ұлттық комиссия арқылы конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі де қарастырылады. Осы арқылы батыстық білімі мен тәжірибесі бар кәсіби мамандарды жеке секордан мемлекеттік қызметке тарта аламыз. Бұл жерде әлемнің үздік 500 компаниясында жұмыс істеген немесе үздік ЖОО-ларының PhD дәрежесін алған мамандар туралы айтып отырмыз», - деп өз сөзін түйіндеді Алик Шпекбаев.

Соңғы жаңалықтар