Мемлекеттік қызметшілер санаторийде қалай демалады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде мемлекеттік қызметшілер ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығының санаторий-курортық ұйымдарында демалады. Аталған ұйымдар «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешеніне кіреді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені» АҚ президенті Қайрат Беркінбаевтың айтуынша, бір күндік ақының ең төменгі мөлшері 15 мың теңгені құрайды. Ол ақшаға бес рет тамақтанып, күні бойы емдеу процедураларын алуға болады. Люкс нөмірлер 30 мың теңге тұрса, VIP-тер сәл қымбатқа шығады.

«Негізі, емдеу-сауықтырудың бір курсы 10 күнге созылады. Дегенмен, кейбір мемлекеттік қызметшілер жұма күні келеді де, жексенбіге дейін демалып кетеді. Заң бойынша мемлекеттік қызметшілерге жылына бір рет емдеу-сауықтыруға жолдама беріледі. Олар Алматы-Оқжетпеске, я болмаса, Алматы-Бурабайға 10 күнге, ал Ресейдегі Оқжетпес-Есентукиге 14 күнге дейін жолдама ала алады. Есентукиге төрт күнге артық, себебі барып-келетін жолы бар. Барлығы жолдамаға кіреді», - деді Қ.Беркінбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, ҚР Президенті іс басқармасы Медициналық орталығының санаторий-курортық ұйымдарында мемлекеттік қызметшілермен қатар қарапайым xалықты да қабылдай береді. Барлығына қызметтің құны бірдей. Осы орайда Қ.Беркінбаев «мемлекеттік қызметшілер мен қарапайым xалыққа екі бөлек қызмет көрсетеді» деген алып-қашпа әңгімені жоққа шығарды.

«Дәрігерлер барлығына бірдей қарайды. Себебі олар кімнің мемлекеттік қызметкер, кімнің мемлекеттік қызметкер емес екенін білмейді. Арнайы бейдж де берілмейді. Нақты кезек бар. Ең бастысы, соны сақтау қажет. Адам санаторийге келіп, тіркелген бойда оның нақты қай уақытта, қай дәрігерге баратыны туралы анықтама беріледі. Сол бойынша барлығына бірдей қызмет көрсетіледі», - деп атап көрсетті Қ.Беркінбаев.


Фото:www.eurasiatravel.kz

Соңғы жаңалықтар