Мемлекеттік қызметшілер күні: Қазақстанда кадрлардың ауысуы екі есеге қысқарды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өз құттықтауында Мемлекеттік хатшы елімізде 98 мыңға жуық мемлекеттік қызметшінің табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының пікірінше, Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесі жаһандық стандарттарға сәйкес келеді, ал мемлекеттік аппараттың қартаюы мен гендерлік теңгерімсіздік көрсеткіштері бойынша, олардың алдын алу байқалған. (...) 2015 жылдан бері кадрлардың ауысуы екі есеге қысқарды (2015 жылы 11,2%, 2017 жылы - 6,2%).  Бақылаушылар мен сарапшылар институтының арқасында іріктеу барысы анағұрлым ашық және транспарентті бола түсті», - деді Мемлекеттік хатшы Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған гала-концертте.

Оның айтуынша,  Қазақстанда  мансаптық жолда өскен мемлекеттік қызметшілер саны 4 есеге артқан және халықтың конкурстық процедура мен жалпы мемлекеттік қызметке деген сенімі ұлғайған.

«Мемлекет басшысы биылғы жолдауында өз тарихын, тілін, мәдениетін білетін, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуы тиіс деп атап өтті. Біз - мемлекеттік қызметшілер көшбасшының сындарлы саясатын жүзеге асырушы ретінде аталған талаптарға сай болу үшін бар күш-жігерімізді, білім мен білігімізді жұмсауға тиіспіз», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Айта кетейік, Қазақстанда 23 маусым - Мемлекеттік қызметшілер күні болып жарияланған. Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. Конкурстың ең жас жеңімпазы 24 жаста болса, ең үлкені - 53 жаста.

 

Соңғы жаңалықтар