Мемлекеттік қызметшілер алған сыйлықтарын 7 күн ішінде өткізуі тиіс

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшылығы мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілігіне байланысты арнайы жиын өткізді. Онда жергілікті мемлекеттік орган басшылыларына қатаң ескертулер жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент басшысы Әли Көмекбаев Агенттіктің жұмысы түрлі тәртіп бұзушылықтардың алдын-алуға, кәсіби мемлекеттік аппарат құруға және азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап көрсетті.

Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатыны және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойылатынын жеткізді. Осы бағытта жиналысқа қатысушыларға қатаң ескертулер жасалып, тәртіп бұзу әрекеттері болған жағдайда тиісті шаралар қолданылатынын ескертті.

Оның сөзінше, жыл басынан бері Түркістан облысындағы бірқатар мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінің талаптарын сақтамаған. Мәселен, ағымдағы жылы Кентау қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімі мен Отырар ауданының әділет басқармасының басшысы, Ордабасы ауданының Бөржар ауылдық округінің әкімі масаң күйде автокөлік құралдарын басқарған. Бұл мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдептілік талаптарын өрескел бұзу.



Нәтижесінде аталған тұлғалар атқарып отырған лауазымдарынан босатылған. Осы ретте, Департамент басшысы мемлекеттік қызметшілердің мас күйде автокөлік құралдарын басқару және қызметтік автокөлік құралдарын жұмыстан тыс уақытта мақсатсыз пайдалану жағдайларына жол бермеу мақсатында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтты. Тәртіп бұзушылық анықталған жағдайда аталған тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қатаң түрде қаралатынын жиналысқа қатысушылардың назарына жеткізді.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметшілердің сыйлық және сыйақы алу мәселесіне тоқталып, оларды қабылдауға құқығы жоқтығын түсіндірді. Сыйлықтар берілген күннен бастап 7 күн ішінде ерікті түрде арнайы қорға тапсырылуы, ал алынған қаражат екi аптадан аспайтын мерзiмде республикалық бюджетке аударылуы қажеттігін атап өтті. Бұл мерзімдердің бұзылуы қылмыстық не әкімшілік жауапкершілікке негіз болатыны қатаң ескертілді.

Соңғы жаңалықтар