Мемлекеттік қызметшіге жараспайды - Агенттік қымбат жиһаз алған әкім туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова Павлодар әкімінің қымбат жиһаз алуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Менің ойымша, мұндай шығынға жол берілмеуі керек. Павлодар облысының әкімі сенімді ақтамады деп дұрыс айтты. Бұл тіпті талқыланбайды да. Егер адам шынымен мемлекеттік қызметшінің жалақысына өмір сүрсе, мұндай қымбат жиһазды ала алмас еді. Әлеуметтік мәселелерді, көпбалалы, жалғызбасты, мүгедек баласы бар аналардың мәселесін, баспана түйінін шеше алмай жүргенімізде бұлай кеуде керу мемлекеттік қызметшіге жараспайды», - деді агенттік басшысы Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бұған дейін Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қала әкімі Әнуар Күмпекеевке қатаң сөгіс жариялаған болатын.

«Әнуар Күмпекеев қымбат пәтер сатып алуға байланысты бюджет қаражатын тиімсіз жұмсап, ысырап еткені үшін сөгіс алды, - деді облыс әкімі. - Соған қарамастан, тағы да қателікке жол беріп, алты миллион теңгеге эбен жиһазын сатып алды. Президенттің бюджеттен артық шығындарды жұмсауға тыйым салу туралы тапсырмасын елемеді. 11 маусымда оған қатаң сөгіс жарияланды», - деді Болат Бақауов.

Соңғы жаңалықтар