Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының студенттеріне мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болатындығы түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің өкілдері Е. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Шара барысында ЖОО-ның болашақ түлектері мемлекеттік қызметке орналасу ережелеріне және мамандарды іріктеуде қойылатын талаптарға қатысты сауалдар қойды.

«Мемлекеттік қызмет - мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында практикалық қызмет ететін биліктің атқарушы органы. Бұл - тек жайлы кеңселер мен тұрақты жалақы ғана емес, бұл - күнделікті қарбалас, тынымсыз еңбек», - деп атап өтті Департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әсел Белялова.

2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметтер позициялықтан құзыреттілік пен конкурстық іріктеуге негізделген мансаптық модельге көшті. Яғни, мемлекеттік қызметке өту төмен лауазымдардан басталып, біртіндеп мансаптық жылжу арқылы жүзеге асырылады. Конкурс өтетіндігі туралы хабарландыру бос лауазымдар бар мемлекеттік органдардың сайттарында және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің: www.kyzmet.gov.kz . сайтында жарияланады.

Конкурсқа қатысуға құжаттарды хабарландыру жарияланғаннан кейін 7 жұмыс күн ішінде тапсыру қажет.

Іріктеудің алғашқы кезеңі - ҚР заңнамасын білуге бағытталған тестілеу. Оны азаматтар алдын ала тапсыра алады.

Тестілеуден сәтті өткен жағдайда сертификат беріледі. Ол бір жылға жарамды. Аталған сертификатпен онда көрсетілген санат бойынша кез келген жалпы конкурсқа қатысуға болады.

Заңдар тізбесі, тестілеу ұзақтығы және сұрақтар саны кандидат таңдаған тестілеу бағдарламасымен анықталады. Тестілеуге жазылу үшін электрондық үкімет порталы (egov.kz), Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе студенттерге қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш беріп, тестілеу бағдарламасын, тест тапсыру күні мен уақытын таңдау жеткілікті. ХҚКО-ға және СҚКО жүгінген кезде өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат болуы қажет.

Тестілеудің келесі кезеңі - бұл жеке қасиеттерін бағалау. Ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілгендігін, құзыреттерді бағалау жүйесінің жетілдірілгендігін айта кеткен орынды. Тестілеудің негізінде, кандидат туралы толық көрініс қалыптастыратын, психометриялық тапсырмалар мен ситуациялық кейстер жатыр.

Кандидаттардың өздері жайлы жалған мәліметтер ұсыну фактілерін болдырмау үшін, бағалауға шынайылық деңгейін анықтауға арналған сұрақтар енгізілгендігін айта кеткен абзал.

Шынайылық деңгейі төмен болса (50% аз), тестілеуден өтпеген деп есептеледі.

ҚР заңнамасын білуге арналған тестілеудің, сол сияқты жеке құзыреттерді анықтауға арналған тестілеудің белгіленген шегінен өте алмаған азаматтар, 1 айдан кейін тестілеуден қайта өте алады.

Соңғы жаңалықтар