Мемлекеттік қызметке кадр іріктеуде үміткерді бағалау жүйесі керек – Агенттік төрағасы

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу кезінде үміткердің әртүрлі қырларын қамтитын бағалау жүйесі керек. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Қоғамдық кеңестің жаңартылған құрамының алғашқы ресми кездесуінде мәлім етті.

«Кадрларды іріктеу кезінде үміткердің қабілеттілік деңгейін анықтай отырып, заңнаманы да, сандық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істей алуын да, сұхбат арқылы құзыреті, кейстер мен ситуациялық тапсырмаларды шешу сияқты кезеңдерді қамтитын бағалау жүйесі керек» - деді кездесу барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев.

Басқосу барысында, сондай-ақ Президенттің «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында Агенттіктің алдына қойылған бірқатар міндеттері талқыланды. Соның ішінде мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, Агенттік төрағасы Қоғамдық кеңес мүшелерімен жұмыстың басым бағыттарын таныстырып өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметке іріктеудің қолжетімділігі, тестілеу мен сұхбаттасуды онлайн өткізу арқылы автоматтандыру, мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдігі мен құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық пен мүдделер қақтығысы секілді мәселелерге ерекше мән беріліп жатыр. Жиын қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңестің жұмысын жүйелі әрі тұрақты жүргізу мақсатында 15 қоғам өкілінен тұратын үш комитет құрылды.

Айта кетейік, құрамы қайта бекітілген Қоғамдық кеңеске «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Евразиан Эксперт Кансил» қоғамдық кеңесі, «HR менеджерлер қауымдастығы» ҚБ үйлестіру кеңесі мен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының өкілдері кіріп отыр.


Соңғы жаңалықтар