Мемлекеттік қызмет туралы заңға қандай өзгерістер енгізілді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің басшысы Сәрсен Жандос осы жылдың 26 қарашасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңға енгізілген өзгерістерді түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 26 қарашасында «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға құқық қолдану тәжірибесі барысында анықталған кейбір олқылықтар мен қақтығыстарды жою үшін өзгертулер енгізілгені белгілі. Бірінші: әкімшілік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындауға құқығы бар адамдардың саны кеңейтілді, оған жетекші шетелдік университеттердің PhD докторларын және халықаралық, шетелдік және трансұлттық ұйымдарда соңғы бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі бар мамандар және квазимемлекеттік сектор субъектісінде басшы немесе басшының орынбасары лауазымын атқаратын адамдар кіреді. Сонымен бірге, енгізілген түзету әкімшілік мемлекеттік қызметке конкурс арқылы түсудің қазіргі тәрітібін жоймайды. Аталған адамдар белгіленген біліктілік талаптарына сəйкес келген кезде уəкілетті комиссияның шешімімен орналаса алады. Шетелдік оқу орындарының тізімін мемлекеттік хатшының басшылығымен шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия, ал халықаралық ұйымдардың тізімін уәкілетті комиссия анықтайды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, екіншіден заңға енгізілген бірқатар өзгертулер мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін жоғарылатуды көздейді. Атап айтқанда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және басшылық тәжірибесін тиімді қолдану мақсатында, саяси қызметшілер ротациясы енгізілді. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру мақсатында, әдеп нормалары мен мемлекетке кір келтіретін қызметтік әдепті бұзғаны үшін алынбаған жазасы болса, мемлекеттік қызметші ауысу немесе конкурс қорытындысы бойынша мемлекеттік лауазымдарға тыйым салынады.

«Үшінші: Қабылданған Заңға сәйкес, дамыған елдерде қолданылатын жаңашылдықтар енгізілетін болады. Осылайша, халықаралық тәжірибеге сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің көпшілігінің қызметтік куәліктері сәйкестендіру карталарына ауыстырылатын болады. Төртінші: Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу ҚР Президенті жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарында жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мемлекеттік орган қызметінің бейіні бойынша өзге де білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуы мүмкіндігі қарастырылып отыр», - деді.

Сонымен қатар бос басшылық лауазымдарды жедел толтыру үшін басшылық лауазымдардың міндеттерін уақытша тағайындау мерзімі 3 аймен шектеліп, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшылық лауазымдардың міндеттерін уақытша тағайындауға тыйым салынды. Қызметін бағалаудың, сынақ мерзімінің, аттестаттау қорытындысының нəтижелері бойынша не теріс себептер бойынша бұрын мемлекеттік лауазымнан шығарылған жəне мемлекеттік əкімшілік қызметке қайтадан кіретін азаматтарға сынақ мерзімі міндетті түрде белгіленетін болады. Құқық қорғау органдарының конкурстық негізде орналасатын лауазымдарының тізбесін, конкурс және тағылымдама өткізудің шарттары мен тәртібін мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша құқық қорғау органының басшысы бекітеді.

«Конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер тестілеуден өтпейді. Сонымен қатар, конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызметтен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде конкурсқа қатысқан адам уәкілетті орган айқындайтын жағдайларда жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза уақытша бос лауазымға төмендету түріндегі шектеу енгізілді», - деді департамент басшысы.

Соңғы жаңалықтар