Мемлекеттік қызмет саласындағы инновациялық шешімдерді іздестіру жобасы жүзеге асады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астана мемлекеттік қызмет хабы, БҰҰ Даму бағдарламасы және «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-мен бірлесіп, инновациялық шешімдерді, тәсілдер мен технологияларды іздестіруге, сондай-ақ оларды мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесіне енгізу үдерісін жеделдетуге бағытталған мемлекеттік қызмет саласындағы инновацияларды акселерациялау зертханасын іске қосады. Бұл туралы ҚазАқпарат Астана мемлекеттік қызмет хабы баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Инновациялар зертханасы - инновациялық саясат пен стартап-жобаларды әзірлеу және іске асырумен айналысатын практиктер мен сарапшыларды біріктіретін және оларға инновациялық шешімдер конкурсына қатысуға және кейіннен жобаны нақты жағдайға (инкубация мен акселерация) дайындау және бейімдеу үдерістерінен өтуге мүмкіндік беретін алаң. Сондай-ақ алаңда мамандандырылған сарапшылар қолдауымен Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде стартап-жобаны сынақтан өткізу де қарастырылады», - делінген баспасөз баянында.

Аталған жоба аясында мемлекеттік қызмет саласындағы инновациялық шешімдер бойынша конкурс жарияланған. Конкурстың міндеті бірқатар бағыттарды қоса алғанда, бірақ олармен шектелмей, инновациялық шешімдер мен жобаларды іздестіру және іріктеу болып отыр. Бұл мынадай бағыттарды қамтиды:

• Мемлекеттік қызметке қабылдау және іріктеу;

• Мемлекеттік қызметтегі әдеп пен адалдық;

• Инновацияларды енгізу арқылы мемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру;

• Қоғамдық сенімді нығайту және халықпен диалог құру үшін Үкіметтің стратегиялық коммуникациялары;

• Адам ресурстарын тиімді басқару (HRM);

• Мемлекеттік қызмет көрсету;

• Цифрлык үкімет;

• Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау;

• Дағдарыс кезеңінде және дағдарыстан кейінгі кезеңде жылдам әрекет ету;

• Тиімді басқару (Good Governance);

• Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл.

Жоба цифрлық технологиялардың барлық артықшылықтарын пайдалана отырып, Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін трансформациялауға, елде цифрлық шешімдерді жеделдетуге және енгізуге, сондай-ақ дағдарыстық жағдайларды неғұрлым тұрақты және жақсы шешуге қабілетті ету үшін мемлекеттік қызметтің операциялары мен процестерін цифрландыруға бағытталған.


Соңғы жаңалықтар