Мемлекеттік қызмет көрсетуде сәйкессіздіктер жиі орын алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет көрсетуде сәйкессіздіктер жиі орын алады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаев баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі стандарттар және регламенттермен қоса, салалық заңдармен және қағидалармен реттеледі. Бірақ олардың арасында көп сәйкессіздіктер бар. Бұл қызмет алушыларға қиындық туғызады», - деді Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаев.  

Үстіміздегі жылы агенттік 182 сәйкессіздік фактісін анықтады, оның 145-і жойылып, 37-сі пысықталуда. Сәйкессіздіктер келесі министрліктерде жиі орын алатын болып шықты: Ауыл шаруашылығы министрлігі - 18, Инвестициялар және даму министрлігі - 8, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі - 4, Ішкі істер министрлігі - 3, Білім және ғылым министрлігі - 2, Ұлттық экономика министрлігі - 1, Қорғаныс министрлігі - 1.

«Осындай сәйкессіздіктердің себептерін жою мақсатында Агенттік салалық заңдар негізінде стандарттар және регламенттерді қабылдауды алып тастай отырып, әр қызмет бойынша тек бір нормативті акт бекітуді ұсынды. Бұл қызмет көрсетушілер мен қызмет алушылардың ақпаратты қабылдауын жеңілдете түседі. Бүгінгі таңда осы ұсыныс Президент әкімшілігі мен Үкіметте қолдау тапты және заңнамаға түзету енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді департамент директоры Ильдар Үйсімбаев. 

Сонымен қатар, департамент директоры «жасырын» мемлекеттік қызметтерді анықтау жұмыстарына да тоқталды. 

«Агенттік 2015-2017 жылдары мемлекеттік қызмет белгілері бар, яғни «жасырын» қызметтер деп аталатын 300-ден астам мемлекеттік функцияларды анықтады. Агенттіктің бастамасымен 77 «жасырын» қызмет тізілімге енгізілді, бұл - тізілімге енгізілген қызметтердің жалпы санының 45%-ы», - дейді Ильдар Үйсімбаев. 

Департамент басшысының айтуынша, «жасырын» қызметтер тізімінде топ бастап тұрған - жер учаскесіне меншік құқығын алу, жер учаскелерін сатып алу-сату келісімшартына отыру үшін құжаттар қабылдау, жер учаскесін жалға беру, жер учаскелерін бизнеске беру, АӨК субъектілерін субсидиялау, жұмыскерлердің өміріне және денсаулығына келген зардапты өтеу бойынша әлеуметтік көмек көрсету, энергетика саласында бірқатар рұқсаттар беру, азаматтарға тұрғын үйінің апатты болуы туралы анықтама беру және тағы басқалар.  

Соңғы жаңалықтар