Мемлекеттік қызмет кәсіби даярланған, елдің дамуына мүдделі жастар үшін ашық - Анар Жаилғанова

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жастар – қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білімі мен біліктілігінің сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Жас кадрларды ілгерілету үшін қолдаудың пәрменді құралдарын және қажетті жағдайларды жасау мемлекеттің іргелі міндеті болып отыр. Осы орайда «ҚазАқпарат» агеттігіне берген сұхбатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова елімізде жастарды қолдау қадамдары жайында баяндап берді.

- Анар Нұралықызы, елімізде жастар арасынан білікті мамандарды даярлауға қатысты маңызды бағдарламалар жүзеге асырылды. Осы орайда сіздің пікіріңіз қандай?

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, жастарға қолдау көрсету мақсатында көптеген маңызды шешімдер қабылдады. Ел экономикасы үшін қиын кезеңдер болса да, Елбасы 90-жылдардың басында жастардың білім алу мәселесін алдыңғы қатарға қойды. Осы бағытта Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен жастарға арналған «Болашақ» білім беру бағдарламасы бекітілді. Аталған бағдарлама аясында берілген халықаралық стипендиясы арқылы 10 мыңнан астам адам шетелдің үздік университеттерінде білім алды. Бүгінде талай жасқа үміт сыйлап, білімін шыңдауға мүмкіндік берген бағдарлама түлектері еліміздің түрлі маңызды салаларында еңбек етуде. Елбасының бастамасымен жастарға барынша қолдау көрсету мақсатында өткен жылы Жастар жылын атап өттік. Жастар жылында еліміздің жастарына кеңінен жол ашуды көздейтін маңызды бастамалар, тың жобалар іске асырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасында «Өрлеудің қозғаушы күші – жастарға арқа сүйеу» қажеттілігін алға қою елдің стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз етуге септігін тигізді.

Президенттік жастар кадр резерві - осы бағыттағы маңызды бастама. Осындай маңызды және ауқымды жобаның өткен жылы іске қосылғаны да мәнді. Жоба, бірінші кезекте, бәсекеге қабілетті және креативті жастарды қолдауға бағытталған. Президенттік жастар кадр резервіне енуге 13 мыңнан астам қазақстандық үміттенді. Бір орынға 24 үміткер талаптанды. Конкурсқа қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар – 35 жастан аспаған, жоғары білім және бес жылдан кем емес жұмыс өтілі. Нәтижесінде, қажет болған жағдайда жауапты лауазымдарға ұсынылатын, елдің дамуы үшін тиімді жұмыс істей алатын әртүрлі бейіндегі 300 жоғары білікті маманнан тұратын пул құрылды. Президенттік жастар кадр резервін құру - бұл осындай перспективті жас мамандарды іздестірудің жаңа форматтағы алғашқы тәжірибесі болды.

- Осы кадр резерві құрамындағы адамдар қай секторлардың мамандары?

- Жалпы, резервшілер тізіміне жеке сектордың 106 өкілі, квазимемлекеттік сектордың 98 қызметкері және 96 мемлекеттік қызметші кірді. Жобаға еліміздің барлық өңірлерінің азаматтары белсенді қатысты. Ең көп кандидаттар Алматы қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан және Нұр-Сұлтан қаласынан болды. Сондай-ақ Әзірбайжан, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Түркия және Франция сияқты жақын және алыс шетелдерде жүрген азаматтар да қалыс қалмады. Резервшілердің арасында түрлі ұлт өкілдері бар. Резервке алынғандардың көпшілігі, яғни 58%-да алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар. Бұл тізімде 6 ғылым докторы, үштен екісінде жоғары магистр дәрежесі бар.

Іріктелген жас мамандардың 36,5 пайызы инфрақұрылым мен сервистік салаларды дамыту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау саласында, 21,5 пайызы экономикалық және қаржылық, 7 пайызы сыртқы әрі ішкі саясат, 5 пайызы әлеуметтік, 4 пайызы құқықтық саясат саласында, сондай-ақ 12 пайызы өңірлік және 14 пайызы басқару топтарында қарастырылған қызметтерді таңдаған.

Президенттік жастар кадр резерві жобасында еліміздің жастары үшін пәрменді әлеуметтік лифтілер жүйесін құру стратегиялық мақсаты бар. Резервке қабылданғаннан кейін жас мамандарға мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда әртүрлі позициялар ұсына бастады.

Іріктелген жастар 5 жыл мерзімге резервке алынды. Жарты жылға жуық уақыт ішінде резервке енген 142 жас маман (46,3 %) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы әр түрлі лауазымдарға орналастырылды, оның 35-і әкімдіктерге жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте, резервшілер облыстардың, қалалардың әкімдері орынбасарларының, аудан әкімдері мен олардың орынбасарларының, басқармалардың және бөлімдердің басшыларының, бас инпекторлардың, сондай-ақ бағынысты ұйымдар мен квазимемлекеттік сектордың басшы лауазымдарына тағайындалды.

Резервшілер арасында орталық мемлекеттік органдардағы жауапты қызметтерді атқарып жүргендер аз емес. Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Әркен Өтенов,Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Ардақ Өтепов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Ростислав Коняшкин бар.

Квазимемлекеттік сектор да резервшілермен толықтырылды. Бұрын мұнай саласындағы қызмет көрсету компаниясында инженер болғанЕрлік Мүсілімов қазірде «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының» басқарма төрағасының орынбасары қызметіне, ал жеке компанияда маркетолог болып еңбек еткен Алексей Анисимов «Қазпошта» АҚ-ның маркетинг және PR бойынша директорының орынбасары болып тағайындалды.

Біздің Агенттікте ең жауапты бағыттардың бірі болып саналатын - Стратегиялық әзірлеу және халықаралық бағдарламалар департаментінің директоры ретінде біз резервші Азамат Жолмановты тағайындадық. Тағы бір резервші Аянай Раева – Шымкент қаласы бойынша аумақтық департаменті басшысының орынбасары болып қызметке кірісіп кетті.

Шетелдегі резервшілер арасында да тағайындалған азаматтар бар.

Әлім Баялиев Ыстанбұл қаласындағы ҚР Елшілігінің бас консулы, Мейрам Жұмағұлов - Түрікменстандағы ҚР Елшілігінің шет елдегі мекемесінің кеңесшісі, Арсен Тұрғамбаев - Сыртқы істер министрлігінің ТМД департаментінің кеңесшісі қызметіне, сондай-ақ Дортмунд қаласында (Германия) Zalando SE еуропалық электронды коммерциялық компаниясында инженер-программист болып жұмыс істегенСаятбек Оразбеков Ұлттық банктің Қаржы технологиялары департаменті басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

Резервшілердің арасында жаңа технологиялар бағытында, яғни, цифрландыру, блокчейн, жасанды интеллект саласындағы жоғары білікті мамандар бар. Олар жаңа технологиялардың көмегімен озық басқару жүйелерін енгізуге бағытталған, бұл халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен жеделдігін қамтамасыз етеді.

Биыл қаңтар айында резервшілермен кездесуде Президент ең басты міндетті айқындады: бұл Қазақстанның құрылысын жаңа жағдайда жалғастыру. Тиісті құзыреттілікке, білімге ие бола отырып, біздің жастарымыз мемлекет дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы тиіс. Бұл ретте, Мемлекет басшысы айтқандай, білім, құзыреттілік амбициядан жоғары тұруын, тұрақты даму мен өзін-өзі жетілдіру әрбір резервші үшін «алтын» ереже болуы тиіс екенін атап өтті.

Әлемде қазір барлық салаларда қарқынды өзгерістер орын алып жатыр, мемлекеттік басқару саласы да заманауи трендтерге сәйкес келуі маңызды. Егер біз әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылғымыз келсе, цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, мемлекеттік басқаруды жақсартуымыз керек.

- Мемлекеттік қызметке келу үшін жастарды ынталандырудың қандай шаралары іске асырылуда?

- Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат пен қоғамға есеп беретін мемлекетті құру бойынша ауқымды жұмыстар кешенін жүзеге асыру маңыздылығы көрсетілді. Олардың ішінде мемлекеттік қызметте меритократия қағидаттарын нығайту, оның тиімділігін, транспаренттілігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын және оларға қол жетімділікті жақсарту, барлық деңгейдегі мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, азаматтармен тұрақты кері байланыс орнату, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту сияқты міндеттер бар. Бүгінде Агенттік тарапынан мемлекеттік аппаратты одан әрі жетілдіру үшін нақты қадамдар жасалуда.

Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің соңғы отырысында мемлекеттік қызметке жаңа серпін беретін жас таланттарды іздеуді және даярлауды алға қойған болатын. Осы ретте, мемлекеттік қызмет кәсіби даярланған, бойында білімі, патриоттық сезімі және елдің дамуына үлес қосуға үлкен ниеті бар жастар үшін ашық.

Жалпы, елімізде 20 мыңнан астам жас (барлық мемлекеттік қызметшілердің 23%) өздерінің қызметтік мансабын мемлекеттік қызметпен байланыстырған. Олардың ішінде, орталық деңгейде – 2177 адам, облыстық деңгейде–6375 адам, қалалық және аудандық деңгейде – 9295 адам, ауылдық деңгейде – 2637 адам.

Бұл ретте бір жарым мыңнан астам (1 559) жас маман мемлекеттік қызметте әртүрлі басшылық лауазымдарды атқарып отыр, бұл басшылардың жалпы санының 6,5%-ын құрайды.

Мемлекеттік қызметке түсуді және үміткерлерге қойылатын талаптарды жаңғырту Ұлт жоспарын жүзеге асырудан басталды. Қазір мемлекеттік қызметке алғаш рет кіргендер өз жұмысын конкурстық негізде төменгі лауазымнан бастайды. Бұл меритократия қағидатына негізделген мансаптық үлгінің негізгі принципі болып отыр.

Мемлекеттік қызметке орналасудың рәсімін одан әрі жеңілдету, оның ашықтығы мен қолжетімділігін арттырудың маңыздылығын ескере отырып, Агенттік бастамасымен осы бағыттағы ережелерге өзгерістер енгізілген болатын. Енді үміткерлер мемлекеттік бос орындарға жарияланған байқауларға қажеттілік бойынша үйден шықпай-ақ қатыса алады. Ол үшін құжаттарды электрондық пошта арқылы тапсыруға мүмкіндік берілді, яғни бұрын талап етілгендей, мемлекеттік органға құжаттардың қағаз нұсқаларын әкелу қажеттілігі жойылды.

Бұдан бөлек, бұрын мемлекеттік қызметке орналасу бойынша конкурсқа қатысу үшін үміткерлер конкурс қорытындысына қарамастан толық құжаттар тізімін дайындау қажет болатын. Енді конкурсқа қатысу үшін үміткерлер өз өтінішіне тек екі құжатты: дипломның көшірмесін және қызметтік тізімнің көшірмесін қоса ұсынады. Қалған талап етілетін құжаттарды конкурстық комиссияның оң шешімін алған кандидат тапсырады. Әңгімелесуден өту үшін кандидаттың мемлекеттік органға келуі де қажет емес. Түзетулерге сәйкес, әңгімелесу қашықтықтан бейне байланыс құралдары арқылы жүргізілуі мүмкін.

Конкурсқа қатыса алатын әлеуетті бақылаушылар қатары барынша кеңейтілді. Енді әрбір кәмелет жасқа толған әрекетке қабілетті азамат бақылаушы бола алады. Бұл үміткерлерге конкурстық комиссияның хатшысын алдын ала хабардар ете отырып, өзінің байқаушысын әңгімелесуге шақыруға мүмкіндік береді.

- Ауылды жерлерде маман тапшылығы мәселесі көтеріліп жүргені белгілі. Бұл тұрғыда жас мамандарды қолдауға арналған тың қадамдар қарастырылды ма?

- Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңында «Дипломмен ауылға» жобасы ауқымында ауылдық жерлерге мемлекеттік қызметке келген «Б» корпусының әкімшілік қызметшілеріне тұрғын үй сатып алуға немесе салуға әлеуметтік жеңілдіктер беру туралы мәселе пысықталды.

Жоба аясында әлеуметтік қолдауға неғұрлым мұқтаж әкімшілік лауазымдар санаттары бойынша талдау жүргізілген болатын. Оның нәтижесіне сәйкес, бос лауазымдардың ең көп үлесі бас маман, жетекші маман лауазымдарына тиесілі болғандықтан, бұл ауылдық деңгейде 93% бос жұмыс орнын құрайды. Сондықтан, жоба тікелей осы лауазымдарға бағытталатын болады.

Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» жобасы аясында көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үйге бюджеттік кредит беруді қарастыру сияқты әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Жобаны іске асыру ұлттық экономика министрлігінің «Мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік кредиттер» 034 бюджеттік бағдарламасы аясында көзделген қаражат, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар есебінен жүзеге асырылады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жастарды қолдау бағытындағы сара жолының жалғасы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі жастар жылының жабылу салтанатында, жастардың назарын олар үшін ашылып жатқан мүмкіндіктерге аударды. Жастарды жетекші технологиялық компанияларда жұмыс істеуге, өз жобаларын озық ғылыми орталықтарда жүзеге асыруға шақырды. Осылайша, қазіргі кезеңде жастар үшін мүмкіндіктер мол. Тек ынта мен жігер болса болғаны.

Сөзімді қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың:

«Арыстандай айбатты

Жолбарыстай қайратты

Қырандай күштi қанатты

Мен жастарға сенемiн»- деген өлең жолдарымен аяқтай келе, әр уақытта жастар елдің басты байлығы болып қала беретінін атап өткім келеді. Жастарға үлкен үміт артылады. Жалынды жастардың күш-қуаты мен білімінің арқасында көптеген жетістіктерге жетіп келеміз. Еліміздің одан әрі дамуына бұ­рын­­ғыдан да мол үлес қосу үшін жастарымыз білімді, жан-жақты, заман талаптарына икемді болуы керек. Бүгінгі жастар–ертеңгі Қазақстан!

- АнарНұралықызы, уақыт тауып сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет!


Соңғы жаңалықтар