Мемлекеттік қызмет алуда айыппұл кедергі болмауы керек - агенттік

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов айыппұлы бар адамдардың мемлекеттік қызмет алу мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде мемлекеттік қызметтерді қиындық, кедергісіз рәсімдеу жағы, яғни қызмет көрсетуден формалды түрде бас тартпау қарастырылып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік қызмет алу туралы өтініш дұрыс толтырылмаса, мазмұны талапқа сәйкес келмесе немесе өтінішпен қоса тиісті құжаттар ұсынылмаса қызмет көрсетуден бас тартылады. Жаңа механизм формалды негіздерге сүйене отырып мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартпай, керісінше тиісті консультациялық көмек көрсетуді көздейді», - деді Салауат Мүксімов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтерді алуда кедергі болмауы тиіс.

«Демек, мемлекеттік қызмет алушының бұған дейін төлемей келген әкімшілік айыппұлы көлігін рәсімдеуде немесе жеке куәлік ауыстыруына кедергі келтірмеуі тиіс. Бүгінде айыппұлды төлемейінше мемлекетттік қызмет көрсетілмейді. Осы жерде айыппұл кедергі болмауы керек», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, мемлекеттік қызметшілерді артық жұмсаған лауазымды тұлға 40 АЕК айыппұл арқалайды.


Соңғы жаңалықтар