Мемлекеттік қызмет агенттігінің төрағасына кез келген азамат тікелей шыға алады

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа кез келген қазақстандық кез келген уақытта әлеуметтік желі арқылы тікелей байланысқа шыға алады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Агенттіктің қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Агенттіктің жанынан арнайы мониторингтік топтың құрылғандағы мақсаты - бұл ең алдымен қоғамның көзімен «Мемлекеттік қызметте қандай кемшіліктер кетіп жатыр? Жемқорлықты қайтсек жеңуге болады?» деген сұрақтарға жауап іздеу. Біз Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шыққан болатынбыз. Бірақ, бұл жерде айта кету керек, тек облыс орталықтарын ғана емес, шалғайдағы жатқан аудан-ауылдарға барып, шамамыз келгенше сол кездегі халықтың ой-пікірін тыңдап, ол жердегі хал-ахуалды көріп, оларға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызмет дер кезінде сапалы жетіп жатыр ма деген сұраққа жауап іздедік», - дейді ол.

Арман Бердалиннің айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қызметтің көрсетіліп жатқан 746 түрі бар. Соның 70 пайыздан астамы электронды түрде қолжетімді болып отыр.

«Осының сапасы қандай деңгейде? Біз бақылағандай талай өңірлерде әлі күнге дейін интернеттің жетіспеушілігі барын көріп келдік. Ал баяғыдан бір қағазды алу үшін аудан орталығы немесе облыс орталығына ақшасын шығындап, қанша адам келіп-кетіп жүрді. Ал қазір үйден шықпай-ақ мемлекеттік қызметті 10-15 минуттың ішінде алуға мүмкіндік бар. Осыны халық біле ме, пайдалана алып жатыр ма - осылардың барлығын бақылап келдік», - дейді Арман Бердалин.

Департамент басшысының айтуына қарағанда, арнайы мониторингтік топтың құрамында мемлекеттік қызметшілер жоқ.

«Оның ішінде тек қоғамдық пікір қалыптастыратын, қоғамның белсенділері - яғни бармақ басты, көз қысты болмас үшін, «қарғаның көзін қарға шұқымайды» деп айтқызбас үшін ешкімге тәуелсіз сарапшыларды біз Агенттіктің құрамын тартып, өңірлерді аралап келдік. Аралап қана қоймай, қазіргі таңда әрбір ауданда мониторингтік топтар бар екенін айта кеткіміз келеді. Олар біз көріп кеткен кемшіліктер мен ұсыныстарымыздың барлығын назардан шығармай, әрқашан әкімдіктердің назарына ұсынып отыратын болады. Сондықтан, ең алдымен халыққа ашық екеніміздің жеткізгіміз келді», - дейді ол.

Арман Бердалин, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа кез келген қазақстандық кез келген уақытта әлеуметтік желі арқылы тікелей шыға алатынын еске салды.

«Қазір Агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаевтың Фейсбук және Телеграм желілерінде өзінің жеке парақшалары бар. Кез келген қазақстандық кез келген уақытта өзінің тікелей сұрағын, ешқандай адамсыз, бөгетсіз сол кісіге сұрақ қоя алады. Одан бөлек, қоғамдық бақылау картасы барын атап өткім келеді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар