Мемлекеттік қызмет агенттігінде Қоғамдық кеңестің жаңа құрамының отырысы өтті

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы жұмысына кірісті. Кеңестің жаңа құрамына елімізге танымал заңгерлер, ғалымдар, мемлекеттік басқарудағы сарапшылар және медиа-менеджерлер кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысына қатысқан Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызмет саласындағы уәкілетті органның міндеттеріне тоқталып, мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағыттылған жобалар туралы айтты.

«Біздің қызметіміз Мемлекет басшысы қойған міндеттерді толыққанды жүзеге асыру және халыққа шынайы, адал, ашық қызмет көрсететін, бюрократияға жол бермейтін сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытында жүргізіледі», - деді Дархан Жазықбаев.

Сонымен қатар, сөз арасында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметті заман талабына сай түбегейлі жаңғырту тек құқықтық нормативтік құжаттарға өзгертулер енгізумен шектелмейді.

«Басты міндеттердің бірі – мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіру. Әрбір мемлекеттік қызметші білімді және құзыретті болумен қатар, берген антына адал болып, елге қызмет етсем деген қағидатты ұстануы керек» деді ол.

Отырыстың ұйымдастырушылық мәселелерін талқылау бөлігінде Қоғамдық кеңестің басқарушылық және ұйымдық құрылымы, жұмыс құжаттары бекітілді.

Қоғамдық кеңес төрағасы болып бірауыздан заңгер, «Academy of labour relations» ЖШС бас директоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Бибігүл Шәкірбайқызы Нұрашева сайланды.


Соңғы жаңалықтар