Мемлекеттік күзет қызметіне алынған жас сарбаздар әскери ант қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне алынған жас сарбаздар әскери ант қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикамыздың әр аймағынан жиналған жастар әскери қызмет өткеру және Отан алдындағы конституциялық парызын орындау үшін әскери ант қабылдады. Бұл шара - әскери қызметшілердің бойында отансүйгіштік қасиетін тәрбиелеп, Отанына және Қазақстан Президентіне адалдыққа үндеп, сондай-ақ, Мемлекеттік күзет қызметі қатарындағы сарбаздардың бойында әскери міндет өткерудің мақтаныш сезімін тудыратын ерекше әскери рәсім.

Әскери ант қабылдау салтанатты іс-шарасына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ардагерлері және сарбаздардың ата-аналары мен жақындары шақырылды.

Іс-шарада жаңа шақырылған сарбаздар қысқа уақыт аралығында меңгерген дағдыларын көрсетті. Саптық тәсіл элементтерін көрсетіп, салтанатты маршпен жүріп өтті.

Президенттік үрлемелі оркестр және Құрмет қарауыл ротасы плац-концерттің жаңа бағдарламасымен өнер көрсетті.

Жас сарбаздар алдында құттықтау сөзді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштер Қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұхтар Аюбаев сөйледі.

Әскери ант қабылдаған соң сарбаздар Мемлекет басшысының және басқа да күзетілетін тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ерекше тапсырмаларды орындауға кіріседі, рәсімдік іс-шараларды орындауға қатысып, Мемлекеттік Ту мен Елтаңба эталонын қорғап, шетел мемлекеттерінің басшыларын қарсы алуға атсалысады.

Айта кетейік, Мемлекеттік күзет қызметі – Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күштерге жататын және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін арнаулы мемлекеттік орган.

Қызмет 2014 жылдың 21 сәуірінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мен Республикалық Ұланның қосылуынан құрылды.

ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы - генерал-лейтенант Әнуар Садықұлов.

Соңғы жаңалықтар