Мемлекеттік қорға 1 млн тонна астық сатып алу бюджетке елеулі жүктеме болады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қорға 1 млн тонна астық сатып алу ел бюджетіне елеулі жүктеме болады. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттары сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«1 млн тонна астықты интервенциялық сатып алуды жүргізу үшін республикалық бюджеттен шамамен 100 млрд теңге бөлу қажет. Бұл ел бюджеті үшін елеулі жүктеме болады. Сонымен қатар, астықты форвардтық сатып алуды қаржыландыру көлемін ұлғайту мақсатында Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын толықтыруға республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде қаражат тарту мәселесі пысықталып жатыр», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Сонымен қатар, Премьер-Министр бүгінгі таңда агроөнеркәсіптік кешен саласындағы барлық бағдарлама бойынша 14 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші 1 597 млн теңгеге өз міндеттемелерін орындамағанын атап өтеді.

«Олармен 2023 жылдың наурыз айынан мамыр айына дейін үш бөліктен тұратын қарызды өтеу кестесімен келісімдер жасалды», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар