Мемлекеттік колледждердің 100 пайызы кәсіпорындардың қамқорлығына алынды

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік колледждердің 100 пайызы кәсіпорындардың қамқорлығына алынды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президенттің тапсырмасына сәйкес өңір әкімдіктерімен бірлесіп, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрларды мақсатты даярлауды енгізуді қолға алдық. Мұндай гранттың басты айырмашылығы – мемлекет тегін маман дайындап береді, ал кәсіпорындар жұмысқа орналастыру міндеттемесін алады. 10 мың арнайы грант алғашқы рет бөлінді. Кадрлардың сапасын арттыру үшін колледждерге жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламалары мен оқу мерзімдерін өзгертуге академиялық дербестік берілді. Мемлекеттік колледждер 100 пайыз кәсіпорындардың қамқорлығына алынды», - деді министр.

Оның атап өтуінше, колледждерге оқуға түсуге бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Мамандық таңдауда оқуға түсушілерге кәсіби диагностиканы енгіздік, нәтижесінде талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады. Студенттер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу процесі автоматтандырылды. Қабылдау емтихандары алынып тасталды. Талапкер бір дегенде 1-ден 3-ке дейін біліктілікті меңгеруге мүмкіндік алды.

«Мемлекеттің үлкен қолдауымен «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледж заманауи лабораториялармен жабдықталды, олардың оқу бағдарламалары да жаңартылып, сапалы кадр даярлауға жаңа серпін берілді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар