Мемлекеттік қолдау артса құс шаруашылығын импорт тәуелділігінен құтқаруға әбден болады - М. Көпей

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік көзқарас дұрысталса, еліміздегі құс өсіру шаруашылығын импорт тәуелділігінен құтқаруға, өндірісті күрт өзгертуге әбден болады.

  Бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Қазақстанда құс шаруашылығын дамытудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстелде сөз сөйлеген ҚР Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей осылай  мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде отандық тауар өндірушілердің мүдделерін импорттан қорғау үшін тарифтік-кедендік реттеу арқылы саланың дамуын қолдау жүзеге асырылуда. 2008 жылы жұмыртқа ұнтағын әкелуге, құс етінің импортына кеден баждарының ставкалары өсті. Бұл ретте жұмыртқадан шыққанына 1 тәулік болған балапандарды әкелуге нөлдік ставкалар енгізілген. Осының нәтижесінде 2006 жылдан бастап құс етін өндіру 1,8 есе артып,  2008 жылы елімізде барлығы 65 мың тоннадан астам құс еті өндірілді. Соның ішінде 39 мың тонна құс еті субсидия арқылы өндірілді», деді М. Көпей.

Алайда, вице-спикер еліміздегі жұмыс істеп тұрған құс фабрикалары  100 мың тоннаға дейін құс етін бере алатынын айтады. Оның пайымдауынша, 65 мың тонналық көрсеткіш Қазақстанды таяу жылдардағы импорт тәуелділігінен құтқара алмайды. «Тіпті қазіргі күні жұмыс істеп тұрған қуаттардың өзіне мемлекеттік тұрғыдан көзқарас жасалса, бұл өндірісті күрт өзгертуге де болады. Бірқатар құс фабрикаларының қуаттылығын арттыру үшін және жаңа өндірістерді құру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінді. «ҚазАгро» осы шаруамен айналысып та жатыр. Дегенмен, мамандар салаға капиталдың келу ағынын ынталандыру мәселелерін жедел шешуге, технологияларды жаңарту, ұзақ мерзімді несиелеу жүйесінде жағдайды түбірімен өзгерту қажеттігін алға тартады. Бұндай маңызды мәселеге сенаторлар да тиісті шараларды атқаратын болады», деді ол.  

Соңғы жаңалықтар