Мемлекеттік кірістер саласындағы 14 млн қызмет электрондық тәсілмен көрсетілген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті өз саласындағы қызметтердің 90 пайызын электрондық форматқа ауыстырмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылдың 9 айында «АСТАНА-1» жүйесінде 349 934 тауар декларациясы шығарылды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 13 пайызды құрады. Жалпы салмағы 172,4 млн тонна тауарлардың статистикалық құны 104,7 млрд АҚШ долларын қамтыды. «Жасыл» және «көк» дәліздің үлес салмағы 72 пайызды, сондай-ақ «сары» дәліз арқылы тауар шығару 16,1 пайызды, «қызыл» дәлізде 11,9 пайызды құрады», - делінген комитет мәліметінде.

Мемлекеттік кіріс органдары бірқатар заңбұзушылықтарды акцизделетін өнімдерді сату саласында анықтаған. Осы орайда 2019 жылы заңсыз алкоголь өнімідері, заңсыз мұнай өнімдері, сондай-ақ айналымнан заңсыз әкелінген темекі тәркіленді.

«Мемлекеттік кірістер комитеті көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді жоспарлы автоматтандыру және оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өту қажет. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің биылдың соңына дейін 80 пайызын, ал 2020 жылы 90 пайызын электрондық форматқа ауыстыру жоспарланып отыр. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру бірінші кезекте салық төлеушілермен байланысты азайтады, адам факторын болдырмайды және мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдеріне қашықтықтан бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік кіріс органдары көрсететін 45 мемлекеттік қызметтің 34-і автоматтандырылды (75%).

Жалпы, 2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша республика бойынша 16,5 млн қызмет көрсетілген, оның ішінде 90,6 пайызы немесе 14,9 млн қызмет электрондық тәсілмен көрсетілген», - дейді Комитет.

Соңғы жаңалықтар