Мемлекеттік кірістер комитеті темекі өнімдерін таңбалауға қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда биылғы 1 қазаннан бастап фильтрлі шылымдарға, ал 2021 жылғы 1 сәуірден бастап темекі өнімдерінің басқа да түрлеріне міндетті таңбалау енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Таңбалануға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 10 қыркүйектегі қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 1 қазаннан бастап темекі өнімдеріне (фильтрлі сигареттер), 2021 жылғы 1 сәуірден бастап темекі өнімдерінің басқа да түрлеріне міндетті таңбалау енгізіледі, цифрлық таңбалау қолданылатын тауарлар тобы айқындалды.

Сонымен бірге, «Темекі өнімдерін таңбалау қағидаларын бекіту туралы» Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 қыркүйектегі бұйрығы бекітілді.

«Таңбалау қағидалары темекі өнімдерін сәйкестендіру құралдарымен таңбалау тәртібін және оның Қазақстан Республикасында одан әрі қадағалануын айқындайды. Таңбалау қағидаларына сәйкес, Өндіруші Қазақстан Республикасында өндірілген темекі өнімдерін Таңбалау қағидаларының талаптарына сәйкес таңбалауды жүзеге асырады», - делінген ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті баспасөз қызметінің мәліметінде.

Импорттаушы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде өндірілген темекі өнімдерін еліміз аумағына әкелгенге дейін немесе темекі өнімдерін кедендік рәсімімен орналастырғанға немесе кері импортқа дейін таңбалануын қамтамасыз етеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда таңбалауға жататын темекі өнімдерінің тізімі бекітілді.

Қазан айынан бастап, темекі өнімдері міндетті түрде таңбалануы тиіс.


Соңғы жаңалықтар