Мемлекеттік кеңесші Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің мәселелері жөнінде кеңес өткізді

None
Фото: akorda.kz
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссия шеңберінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін сақтау және оның техникалық ахуалы жөнінде кеңес өткізді. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Жиын барысында Ерлан Қарин мемлекеттік органдар және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен бірге кесененің бүгінгі жай-күйімен танысып шықты.

Түркістан облысы әкімдігінің, Мәдениет және спорт министрлігінің, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның өкілдері, археология және тарихи-мәдени мұраға жататын ескерткіштері сақтау бағытындағы мамандар қатысқан кеңесте кесенені сақтау және дамыту бойынша кешенді жоспарының орындалуы, 2023 жылға жоспарланған жұмыстардың жобасы, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 45-сессиясына дайындық мәселелері қаралды.

Мемлекеттік кеңесші ескерткішті дұрыс сақтау басты міндет екенін атап өтті. Осыған орай, мемлекеттік органдарға сарапшылар қауымдастығымен тығыз әрекет ете отырып, кесененің жағдайын үнемі бақылауда ұстау тапсырылды.

Айта кетейік, 20 сәуір күні Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай мемлекетіміздің бойтұмарына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүгінгі мүшкіл жағдайына орай Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына депутаттық сауал жолдаған еді.


Соңғы жаңалықтар