Мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде - Әлихан Смайылов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік қарыз тұрғысындағы жағдай күн сайын бақылауда екенін жеткізді.

«Мемлекеттік қарыз айтарлықтай қауіпсіз деңгейде екеніне сендіргім келеді. Бұл бағытта күн сайын мониторинг жүргізіледі. Алдағы жылдары бюджет тапшылығы көлемі төмендейтін болады. Рейтинг бойынша біздің қарызды басқа елдермен де салыстырып отырамыз. Мысалы, Түркияда мемлекеттік қарыз көрсеткіші жалпы ішкі өнімге шаққанда 40 пайыз, Мексикада – 55 пайыз, Индонезияда – 37 пайыз», - деді министр.

Өз кезегінде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде екенін растады.

«27 пайыз деңгейіндегі лимит – ол тұжырымдама аясында бекіткен ішкі лимитіміз. Халықаралық ұйымдар жалпы ішкі өнімнен 50 пайыздық лимитті белгілейді. Қазіргі кезде көптеген елдердегі дағдарыстық құбылыстарға байланысты осы лимитті ЕО елдерінде арттыру жағын пысықтап жатыр. Жалпы, бұл көрсеткішті тұрақты мониторингпен қамтып отырмыз. Атап айтқанда, үш жылдық бюджет аясында тапшылықты біртіндеп төмендетеміз», - деді Ә. Смайылов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бюджет тапшылығы 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,4 пайызынан 2023 жылы кезең-кезеңмен 2,1 пайызына дейін төмендеуімен жоспарланған.



Соңғы жаңалықтар