Мемлекеттік хатшы жас ғалымдарға қандай қолдау жасалып жатқанын айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Тәуелсіз Қазақстанның зияткерлік әлеуеті: қалыптасуы мен дамуына 30 жыл» атты І халықаралық жас ғалымдар форумы барысында елімізде жас ғалымдарға қандай қолдау көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ғылымды қаржыландыруды 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін арттыру жоспарланып отыр.

«Соңғы екі жылда ол екі есе өсті және 2021 жылы 83,1 млрд теңгеге жетті. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана, себебі, дамыған елдерде бұл мөлшер жалпы ішкі өнімнің 3-4% - на дейін жетеді. Бүгінде республикалық бюджеттен ғылымды дамыту үшін 10 салалық орталық мемлекеттік органға қаражат бөлінді», - деді ол.

Қырымбек Көшербаев өткен кезеңде ғалымдардың, әсіресе жастардың мемлекеттік қаржыландыру алу рәсімін жетілдіру бойынша маңызды қадам жасалғанын атап өтті. Мәселен, қазақстандық ғылымның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін грант қаржыландыру бағдарламаларына конкурс жыл сайын өткізіледі.

«Жас ғалымдарды мемлекеттік қолдаудың ең қажетті құралдарының бірі ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жылдан бері өткізіліп келе жатқан гранттық қаржыландырудың жеке конкурстары болды», - деді Қырымбек Көшербаев.

Оның айтуынша, бүгінде 315 ғылыми жобаны 2 мыңға жуық жас ғалым мен зерттеуші жүзеге асыруда. Бұл жобаларға жұмсалатын бюджет шығындарының жалпы көлемі 17,5 млрд теңгеден асты.

«Осы гранттардың, сондай - ақ, «Болашақ» халықаралық стипендиясының арқасында жаңалық ашу құндылықтарын дәріптейтін қазақстандық жас ғалымдар тобы пайда болды», - деді Мемлекеттік хатшы.

Ол биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының отандық QazVac вакцинасын жасап шығарған қазақстандық ғалымдарының жұмысын жоғары бағалады.

«Беделді британдық медициналық журнал қазақстандық вакцинаны сынақтан өткізу нәтижелерін жариялады. Ол адамдарға өзінің қауіпсіздігін және жоғары иммунитетті қалыптастыру қабілетін көрсетті. Қазіргі уақытта QazVac-ты Дүниежүзілік денсаулық ұйымында тіркеу және оны шетелдік нарықтарға жеткізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Осылайша, Қазақстанның Орталық Азия мен Таяу Шығыс өңірлерінде сапалы биопрепараттардың қажеттілігін қамтамасыз ету және биологиялық қатерлерге қарсы тұру мәселесінде маңызды артықшылығы бар», - деді ол.

Спикер сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамыту мақсатында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өту үшін 500 грант және постдокторанттар үшін «Жас ғылым» жобасы бойынша 1 000 грант бөлу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл шаралар, ең алдымен, жас ғалымдарды қолдауға бағытталған.

«Ғалымдарды ынталандыру және көтермелеу мақсатында ғалымдарға ғылымға қосқан үлесі үшін әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық, алты атаулы сыйлық, 75 стипендия беру жұмысы жалғасады. Сонымен қатар, дарынды балалардың зияткерлік әлеуетін нығайту мәселелері пысықталатын болады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар