Мемлекеттік хатшы: Тарихымызды біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту ұлттық тарихқа жаңаша қарауға мүмкіндік береді

None
None
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Этнос тарихын біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту ұлттық тарихқа жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Бүгін елордада Еуразия ұлттық университетіндегі Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысы барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай мәлім етті.

«Жинақталған тарихи фактілер мен материалдық мәдениеттің жәдігерлері, нышандық мәні бар үлгілер мен әдет-ғұрыптарды зерттеу, филология мен лингвистиканың мәліметтері, тарихи география мен демография, зерттеудің тың тәсілдері, пәнаралық көзқарастар - бұлардың бәрі бізге қазақтардың этногенезі бұған дейін тарих ғылымы ұдайы пайымдап келген кезден анағұрлым ерте қалыптасқан деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Этнос көкжиегін біздің дәуіріміздің бірінші мыңжылдығына дейін кеңейту және оны ғылыми тұрғыдан орнықтыру бүкіл ұлттық тарихқа жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл біздің халқымыздың жер шарының осынау ауқымын алып жатқан өңірдегі алатын нақты орны туралы түсінігімізді өзгертуге септігін тигізбек. Мұның өзі ұлттық сәйкестіктің маңызды факторына айналып, ұлттық сана-сезімімізді қағидатты түрде өзгертеді», - деді М. Тәжин.

Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы қазіргі тарихымыздың мән-мағынасын жүйелі, ғылыми негізде түсініп алу керектігін атап өтті. «Тәуелсіз егемен мемлекеттің өмірінде үшінші онжылдық басталды. Осы жылдарда расында да ғасырларға татитын жолдан өттік. Ойымызды жинақтайтын кез жетті. Қазақстанның өтпелі кезеңінің ерекшелігі неде еді, қалыптасқан мемлекет дегеніміз не, нақты тәуелсіздіктің негізгі белестері қандай, қандай қауіп-қатерлерден өттік, қоғамның экономикалық, саяси және мәдени жүйесі қалай құрылды? Осы сұрақтардың бәріне дәйекті әрі анық жауап беру - тарихшылардың кәсіби қоғамдастығының міндеті», - деді Мемлекеттік хатшы.

Соңғы жаңалықтар