Мемлекеттік хатшы: спорттағы реформа - Президент алдымызға қойған міндет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев еліміздегі спорт мектептері мен үйірмелерінің жұмысына талдау жасап, спортты қолдаудың кешенді жоспарын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде елдің бәрінде енді не істеу керек деген сұрақ туындап жатыр. Ең алдымен балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру және спортпен айналысуын қамтамасыз етуіміз қажет. Өскелең ұрпақтың спортпен шұғылданыуына жағдай жасамай, ірі жарыстарда жеңіске жетеміз деу әбестік. Сондықтан еліміздің барлық аймақтарындағы спорт мектептері мен үйірмелерінің жағдайына терең талдау жасалып, оларды қолдаудың кешенді жоспары жасалуы тиіс. Ондағы жұмысты жүйелеп, құр есеп пен бос көрсеткішке емес нақты нәтижеге еңбектенген жөн. Халықтың салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен айналысуын дамытқан дұрыс»,- деді Қ. Көшербаев.

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы спортпен шұғылданатын халықтың саны артса, тиісінше сапаның да жақсаратынын айтты.

«Ал сапа біздің Азия, әлем біріншіліктері мен Олимпиадада мәренің алдынан келіп, көк байрағымыздың желбіреуіне ықпал етеді. Бұл кезек күттірмей жедел қолға алатын шаруа. Осы ретте Президент бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет деп тапсырды. Спорттағы реформа Мемлекет басшысы алдымызға қойған осындай міндеттен басталуы қажет. Токио төріндегі қателіктерімізді түзеп, сүрінген тұсымыздан сабақ алып, алдағы халықаралық ірі жарыстарда, Париж Олимпиадасында Қазақстанның спорттық держава екенін таныту - алдымыздағы басты міндет», - дейді ол.

Бұған дейін Қ. Көшербаев елімізде спорт саласына шұғыл реформаның қажеттігін мәлім еткен еді.

Айта кетсек, бүгін елордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Токио-2020 Олимпиадасының жеңімпаздарын жеңісімен құттықтап, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан бірқатар мемлекеттік наградаларды табыс етті.



Соңғы жаңалықтар