Мемлекеттік хатшы: Бүгінгі күннің биігінен өткен дәуірді дұрыс бағалау біздің өз ата-бабаларымыздың алдындағы перзенттік парызымыз

None
None
АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Түптеп келгенде, бүгінгі күннің биігінен өткен дәуірді дұрыс бағалау - біздің өз ата-бабаларымыздың алдындағы перзенттік парызымыз.

Бүгін Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин осылай мәлім етті.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихы көп жағдайларда ұлттық және тоталитарлық қақтығысының тарихы. «Бұл ұлттық сана-сезімді аяусыз саяси машинаның езіп-жаншу тарихы, ол үшін алдында кім тұрғаны - қазақ па, орыс па, украиндық па, өзбек пе - бәрібір. Біз тарихтың нақты тетіктерін дәлме-дәл әрі айдан анық түсінуге тиіспіз», - деген М. Тәжин басқа бір қағидатты сұраққа назар аударды. «Бұл - тұтас ұрпақтардың тарихы, біздің аталарымыз бен бабаларымыздың тарихы қандай да бір сындарлы мағынадан жұрдай болғаны ма? Әрине, олай емес, өткен ұрпақтардың өмірі мағынадан жұрдай емес. Бұл арада мәселенің тарихи және этикалық қырлары бар. Кез келген тарихи дәуірде адамдардың өмірі мен саяси жүйе үйлесе бермейді. Қазақстандықтардың ХХ ғасырдағы ұрпағының өмірі өзінше жоғары дербес мағынаға ие. Олардың өздерінің қуанышы, өздерінің жеңістері мен жетістіктері болды. Тұтас ұрпақтар өмір сүрген тарихтың осынау үлкен қатпарын сызып тастау, оны бір ғана қара бояумен бояй салу таза тарихи тұрғыдан қарағанда да әділетсіздік болар еді. Түптеп келгенде, бүгінгі күннің биігінен өткен дәуірді дұрыс бағалау - біздің өз ата-бабаларымыздың алдындағы перзенттік парызымыз. Мұндайда бір қиырдан бір қиырға шығып кетудің қаупі бірдей», - деді М. Тәжин.

Оның айтуынша, «өткен дәуірді дәріптеудің қажеті жоқ». «Баяғы бір тәртіпті аңсай бермей, ХХ ғасырдағы қиыншылыққа толы тарих туралы ашық айту керек. Сол тәртіптің тұсында миллиондаған ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргенін біз жақсы білеміз. Сондықтан, тоталитарлық мемлекетте «ұлт мәселесін шешудің» барша ғажаптарын ашып көрсету - біздің тарихшыларымыздың тікелей парызы. Екіншіден, өткен күнге объективті қарауымыз қажет. Аға буынның наным-сенімдеріне құрметпен қарап қана қоймай, тарихта тек қара мен ақ түстің ғана болмайтынын ұғынуымыз керек», - деді М. Тәжин.

Соңғы жаңалықтар