Мемлекеттік бюджеттің 7 айдағы кірісі – 8,4 трлн теңге

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 7 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштерін баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге кіріс түсті немесе жоспар 105,1%-ке орындалған. Ал, республикалық бюджетке 5,6 трлн теңге шамасында кіріс түсті немесе жоспар 101,3%-ке орындалды.

«Кірістер бойынша жоспар 72 млрд теңгеге, оның ішінде салық – 18 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер – 54 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомасы ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына және шикі мұнайға экспорттық кедендік бажға тиесілі болды», - деді Қаржы министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, ішкі өндіріс тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы биылғы 6 айдағы жұмыстарды атқару, қызмет көрсету және тауарларды өткізу бойынша айналым сомаларының 18,4%-ке ұлғаюына байланысты.

Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша жоспар шикі мұнайдың орташа әлемдік бағасының өсуі, сондай-ақ теңгенің АҚШ долларына бағамының әлсіреуі есебінен асыра орындалған.

«Ал, импортқа қосылған құн салығы және импорттық кедендік баж бойынша жоспар орындалмады. Бұл геосаяси жағдайға және санкцияларға байланысты болып отыр. Жергілікті бюджеттер кірісі 113,3%-ке атқарылды және 2 трлн 864 млрд теңге болды. Жоспар 336 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 318 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Түркістан (22 млрд теңге) және Маңғыстау (10 млрд теңге) облыстарынан басқа барлық өңірлерде асыра орындалды», - деді Е. Жамаубаев.


Соңғы жаңалықтар