Мемлекеттік бюджетті игеруде Парламенттің бақылауын күшейту маңызды – Марат Бәшімов

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламентке жаңа өкілеттіктің берілуі дәл қазір Қазақстан үшін өзекті. Әсіресе мемлекеттік бюджетті игеруде маңызды. Бұл пікірді Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов білдіріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Менің ойымша, Мемлекет басшысының биылғы Жолдау революциялық бағытта болды. Президент қоғамның, халықтың пікірін Жолдау арқылы жеткізді. Конституциямызға мемлекеттілік, басқару құрылымы аса маңызды өзгерістер енгізіледі. Бұл дегеніміз Парламенттің рөлі мен бақылауын күшейту. Әсіресе мемлекеттік бюджетті игеруде Парламенттің бақылауын күшейту маңызды. Парламентке жаңа өкілеттіктің берілуі дәл қазір Қазақстан үшін өзекті», - деді Марат Бәшімов Мемлекет басшысының жаңа жолдауын талқылауға арналған шара барысында.

Сондай-ақ, сарапшы Конституциялық Кеңестің орнына Конституциялық сот құрудың маңыздылығын атап өтті.

«Конституциялық кеңестің функциялары әлі күнге дейін толық көлемде іске асырылмай келеді. Жаңа өзгерістерге сай адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен бас прокурорға жаңа мүмкіндіктер беріледі. Ендігі уақытта құқығы бұзылған азаматтар тікелей конституциялық сотқа жүгіне алады. Сонымен қатар Президент жаңа Жолдауында қазақстандықтардың жеке бас құқығымен қатар экономикалық, саяси және әлеуметтік құқығының да тең қорғалуына тоқталып өтті», - дейді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Президенті кеше халыққа Жолдауында Қазақстанның суперпрезиденттік басқару формасынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу мәселесін көтерді. Мемлекет басшысының айтуынша, Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр.

Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында отандық сарапшылар Мемлекет басшысының халыққа арналған жаңа Жолдауын талқыға салды.


Соңғы жаңалықтар